Ресей тарабы ядролық келісімдегі талаптарды өрескел бұзды және халықаралық қауіпсіздікке нұқсан келтіріп отыр деп Құрама Штаттарына айып тақты.

«Известия»-ға мәлімдеме жасаған ресейлік Сыртқы барлау қызметі: «АҚШ мақсатты түрде мемлекеттердің қауіпсіздік саласына қауіп төндіретін әрекеттерге көшкен. мәселен, Америка Венесуэла дағдарысы мен Сүрия жағдайында тек келіссөздер өткізумен шектеліп қалды, көмек тигізген жоқ. Сол себепті ядролық келісімдегі талаптарды да орындаған жоқ деп айта аламыз», – деген. Ресейдің бұл айыптауларына АҚШ бірінші кезекте Мәскеудің агрессиялық саясат ұстануды доғарар деген үміт білдірген.

Негізінен Америка мен Ресей арасындағы зымыран келісіміне 1987 жылы қол қойылған. Келісімге сәйкес, қос тарапқа 500 және 5,5 мың шақырым қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандарды жасауға тыйым салынған. Биыл 1 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен жасасқан 30 жылдық тарихы бар орта қашықтыққа ұшатын зымырандарға қатысты келісімді тоқтататынын хабарлады. Ақ үй көп уақыттан бері Ресейді қол қойған келісімге қайшы қадамдар жасап, АҚШ және оның одақтастарына қатер төндіретін зымырандар мен жүйелерді жасап, қолданды деп айыптайды. Бұл келісімге қатысты НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің біраз уақыт көлемінде талаптарға қайшы әрекет еткенін мәлімдеді.

АҚШ-тың Ресей Федерациясымен тағы бір келісімі бар. Оған 2010 жылы Барак Обама мен Дмитрий Медведев қол қойған еді. Осы құжатқа сәйкес, қос тараптың да ядролық қару арсеналын қысқартуы көзделген. Оның мерзімі 2021 жылы аяқталады.

Сонымен, Құрама Штаттарының Ресеймен екіжақты келісімді бұзуы қайта қарулану бәсекесінің бұрынғыдан да қуаттырақ екендігін білдірсе керек. Тағы бір айта кетер жайт, Ресей Федерациясының әскери доктринасының 24 бөлімінде: «Ресей өзіне және одақтастарына қарсы ядролық қару қолданған арандатуша елге дәл солай жауап беруге және Ресейдің мемлекеттігіне қауіп төндіретін кез келген жағдайда ядролық қару қолдануға құқылы» делінген.

"The Qazaq Times"