2 қыркүйек елорданың Мәжіліс үйінде өтіп жатқан VI шақырылымдағы ҚР Парламентінің бесінші сессиясының ашылуына орай Парламент палаталарының бірлескен отырысында президент өз Жолдауында жер мәселесін көтерді.
«Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталағым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды, оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Жерді тиімді игеру мәселесі барған сайын өзектіленіп барады. Жағдай жерге салынатын тікелей салықтың төмендігімен ушығып отыр. Мемлекеттен ақысыз жер жалдау құқығын алғандар иелігіндегі жермен жұмыс істемей отыр. Елімізде латифундистер қатары пайда болды», – деді мемлекет басшысы.
Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы сәуірдің 24-і Атырау қаласында жер мәселесіне байланысты митинг өтіп, наразылық акциялары Қазақстанның өзге де қалаларында да жалғасқан еді. Жаңа мыңжылдықта бұлай буырқанып көрмеген бұқараның баскөтеруінен сескенген билік мамырда жер кодексіндегі резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялаған.
Жер реформасын талқылау үшін үкімет жанынан көшпелі Жер комиссиясы құрылды. Комиссияның құрамына шақырылған бірнеше белсенді оның жұмысына қатысудан бас тартқан. Халықтың талабымен және Жер комиссиясының ұсынысымен сол кездегі президент Назарбаев 19 тамызда шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заңға 2021 жылға дейін мораторий енгізген еді. 2016 жылдың сәуірінде өткен Атыраулық шеру белсенділері Макс Боқаев пен Талғат Аян бірнеше айыптаулармен бес жылға сотталған болатын. Жазушы Қ.Жұмаділов бастаған азаматтық қоғам белсенділері қамаудағы белсенділерді сырттай «Халық қаһарманы» сыйлығымен марапаттаған еді. Жер мәселесі туралы сыбыс ел ішінде әлі есіп жүр. Биыл ерте көктемде Шығыс Қазақстан облысындағы шетелдіктерге жер сатылды деген ақпарат тараған, бұған қатысты жауапты мекемелер қауесетті терістеген.