Қазақстандық еріктілер арыстық оқушыларға 900 мың теңгеге жуық жылу жиып, жаңа оқу жылына дайындыққа атсалысуда.

Маусымның 24-і күні болған аса ірі жарылыстан соң Арыс жұртшылығына әртүрлі деңгейде республика халқы қол ұшын созып, қайырымдылық танытқан еді. Сол тұста азаматтық қоғам өкілдері бір ауыздан ел белсенділерінің басын біріктіретін фейзбук парақшасынан «Арыс. Ақпарат» тобын құрған, сонда ұйымдастыру шаралары талқыланып, есеп беріліп отырады.

Төтенше жағдай кезінде сан алуан азық-түлік, қажетті құрал-бұйымдармен қамтамасыз етуге тырысқан еріктілер тобы бұл жолы арыстықтардың мектепке дайындық науқанына болысып, өз үлесін қосуда. Қоғам белсендісі, журналист Бэлла Орынбетованың мәлімдеуінше, екі жұманың ішінде хабарландырудан кейін республиканың әр аймағынан жүздеген азаматтың атсалысуымен 900 мыңға жуық қаражат жиналған. Бұл сомаға арыстық 300 балаға жаңа оқу жылына қажетті рюкзак, дәптер, қарындаш сатып алынған. Рюкзак ішінде: 20 дәптер (10 тор көз, 10 жол дәптер), 3 қалам, 3 қарындаш, 1 түрлі-түсті қарындаш жинағы, 1 фламастер жинағы, 1 сызғыш, өшіргіш пен  ұштағыш, альбом, түрлі-түсті қағаз жинағы, желім, қаптама дәптердің тысы қамтылған. Тіпті, еріктілер балақайларға су жаңа сөмкемен бірге мазмұны мотивация мен позитивке толы хат табыстаған.

Белсенді жастар көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін әкімдіктен алған. «Біз бұған дейін әкімдіктен «Жаңа оқу жылы қарсаңында отбасыларға көмек беріле ме, берілмей ме» деп сұрағанбыз. Олар оған шамамыз жетпейді деп айтты. Осылайша өзіміз жасайық деп келістік», – дейді Бэлла Орынбетова.

Аталмыш акцияға «Оян, Қазақстан», Шымкент қаласы жастар ресурсының және Арыс қаласының волонтерлері үн қосысып, игі шараға мұрындық болған.

"The Qazaq Times"