Бүгін Францияда өтіп жатқан "Үлкен жетілік" саммиті қорытындыланды. Кезекті саммитте әлем назарын өзіне аударған бірқатар оқиғалар да болды. Айталық, кеше Иран сыртқы істер министрлігі Жавад Зарифтің кеңес үстелінен табылуы америкалық делегация үшін күтпеген оқиға еді. Ал, бұдан бір күн бұрын дамыған елдер арасындағы ұйымға Ресейдің қайта қосылуы мәселесі қызу пікір таласқа мұрындық болды.
Ресейдің G7-мүше болуы туралы мәселені АҚШ президенті Дональд Трамп ортаға қойған болатын. "Кейбір тараптар Ресейдің G7-ге қайталай қосылуын қалайды. Меніңше бұл әлем елдері үшін пайдалы болары еді. Меніңше, бұл дұрыс қадам болады. Бұл ойымды қолдайтындар бар, қазір біз бұл тақырыпты талқылаудамыз. Қандай шешім қабылданатыны белгісіз, бірақ кеше Ресей туралы талқы болды", – деп білдірген АҚШ президенті.
Трамптың G7 саммитінде Ресей туралы сөз етуін сарапшылар түрлі бағытта жорып жатыр. Дегенмен, Трамптың Сүрия және Иран мәселесі бойынша Мәскеумен келіссөздерді дамыту ойының бар екені белгілі. Себебі, Ресей Орта Шығыста ықпалды ойыншы қатарында көрінді. Алайда, Трамптың ұсынысы қолдау таппады. Еуропалық әріптестері Украина мәселесі шешім таппай тұрып, Ресейді "Үлкен жетілікке" кіргізудің ерте екенін алға тартты. Ресейдің Қырымдағы әрекетінен кейін "Үлкен сегіздік" саммитіне шақырылмай қалған еді. Ұсынысының қабылданбағанына қарамастан, Трамп алдағы жылы Құрама Штатта өтетін "Үлкен жетілік" саммитіне Ресей президентін қонақ ретінде шақыратынын айтты.
Бұл реткі саммитте Иран СІМ басшысының қатысуы АҚШ президенті үшін мүлде тосын жайт болды. Франция ақпарат құралдары кеше саммит алдында Зариф Франция президенті Макронның қабылдануында болғанын жазып жатты. Сондай-ақ, Франция президенті АҚШ пен Иран арасындағы қайшылықты азайтуға әрекет етіп жатқаны да айтылған.
Францияның АҚШ пен Иран арасына "Ара ағайын" болатын да жөні бар. 2015 жылғы Иранмен жасасқан ядролық келісімге Еуропаның үш лидер елі Франция, Германия және Британия да қатысқан. Келісімнің бұзылуы, Иран мен АҚШ арасында қайшылықтың асқынып, өңірде соғыс қатерінің күшеюіне Еуропалық елдердің де өзіндік жауапкершілігі бар екенін айта кетсе болар. Олар АҚШ пен Иранды дер кезінде диалогқа шақыра алмады (әлде мақсатты түрде).
Бүгінгі отырыс барысында G7 мүшелері Амазондағы жыныс орманның өртенуіне қарсы техникалық және қаржылай жәрдем беру туралы талқылады. Мүше елдері басшылары Бразилиядағы табиғи апат бүкіл адамзаттық дағдарысқа соғуы мүмкін деген мәлімдемелер де жасады.
Айта кетейік, "Үлкен сегіздік" саммиті 1998 жылдан бері өткізіліп келеді. Онжа әлем елдерінің экономика алыптары және ірі державалары – Франция, Германия, Британия, Канада, АҚШ, Италия және Жапония елдері Ресейдің қатысуымен бас қосып келеді. Алайда, 2014 жылы Қырым мәселесінен кейін "Үлкен сегіздік" мүшелері Сочидегі саммиттен бас тартып, Брюссель қаласында Ресейдің қатысуынсыз "Үлкен жетілік" саммитін өткізген болатын. Содан бері "Үлкен жетілік" деп аталып келеді.