10 тамыз, сенбі күні Мәскеуде 60 мыңға тарта наразылардың қатысуымен рұқсат етілген митинг болып өтті. «Бұл жиын бұрынғыдан өзгерек» деп бағаланған оқиғаның жай-жапсарына үңіліп көрсек.
"Мәскеу жаңғырығы" радиосына берген пікірінде құқық қорғаушы, А.Д. Сахаров атындағы музейдің бұрынғы директоры, қоғам белсендісі Юрий Самодуров "Шамамен сағат 13.40-тан 17.00-ге дейін Сахаров даңғылындағы митингте болдым. Ол жердегі жиын аяқталған соң көпшілікпен Ескі алаңға бара алмадым. Шаршап, қауқарым жетпеді", – деп еске алады сенбі күнгі митинг туралы. Ол өз сөзінде "Ең алдымен, мен тұтқындалған наразылық лидерлері Алексей Навальныйсыз және "депутаттық сайлауға жіберілмеген 13 оппозициялық кандидатсыз" өткен митинг ұйымдастырушыларына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ бүгінгі Сахаров даңғылындағы рұқсат етілген митингіге 27 шілде мен 3 тамызда санкцияланбаған акциялардан, 20 шілдедегіден кем дегенде екі есе көп, яғни 40-тан 50 мыңға дейін адам келді",– дейді. Академик Сахаров даңғылындағы рұқсат етілген митингке "Белый счетчик" мәліметі бойынша бастапқыда 49 мың 900 жүз деп берілген, артынан кешкілік жаңалықтарда 60 мыңға тарта адам қатысқан деп жаңартылып берілген. Ал ІІМ «20 мыңдай адам» жиналды деп хабарлады. Жауынды күн райына қарамастан ең жиі айтылған «Допускай!» және «Отпускай», қосымша «Россия будет свободной!», «Россия без Путина!», «Путин – вор!» деген ұрандармен демонстранттар бірнеше сағат өз қарсылығын білдірген.
Митингте журналист Леонид Парфенов, ұсталған белсенді Дмитрий Гудковтың әйелі Валерия Гудкова, стендап-комик әрі белгілі блогер Данила Поперечный, Алексей Полиховичтер арнайы құрылған сахнадан ашық мәлімдемелер жасады. Қазіргі "Мәскеу ісі" атымен белгілі тергеу ісіне «күдікті» ретінде тартылған 22 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Даниил Кононның анасы сөз сөйледі. Көзге түсетіндей қоғамдық тәртіп бұзушылықтар болған жоқ. Сахнадан саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінен басқа бірнеше музыкалық топтар мен рэперлер өз ұстанымдарын жариялап, өнер көрсетті.
Митингті ұйымдастырушылар билікке қоятын талаптарын айқындап, қарар қабылдады. Олардың ішінде – алдында өткен акцияларда "жаппай тәртіпсіздіктерге күдікті" ретінде айып тағылған барлық оппозияциялық тұтқындарды босатып, қылмыстық істі тоқтату, Сайлауға дейін барлық тәуелсіз кандидаттарды босату және Мосгоризбирком комиссиясының басшысы Валентина Горбунованы отставкаға жіберу туралы талаптар аталған.
Алдағы 8 қыркүйекте Мосгордума сайлауы өтетіні мәлім. Сайлау комиссиясы сайлауға қатысуға 233 кандидатты қабылдап, 57 үміткердің өтінімін "белгілі бір себептермен" қанағаттандырмаған (соңғы сайлауда тіркеуге 107 өтінім қабылданбай, өткізілмей тастаған болатын). ОСК мәліметіне қарағанда, көптеген заң бұзушылықтар анықталған: тіркелмеген 22 кандидаттың қолдаушылары тізімінде "339 қайтыс болған адамның орнына қол қойылған", ал 29 өткізілмеген үміткердің тізімінен 14 мыңнан астам "жасанды" сайлаушылар табылған.
ОВД-Инфо агенттігінің ақпараттарына қарағанда, қарсылық шараларын бақылау барысында құқық қорғау органдары 350-ден астам азаматты ұстап алып кеткен. Әуесқой операторлар мен блогер, медиа өкілдерінің дрон камералары арнайы құрылғылармен әуеде түсірілім жасап жатқан жерінен тартып алынған.
Ұсталғандар туралы ақпарат:
Жалпы ұсталғандар: 352 адам
Мәскеу – 256
Петербург – 79
Ростов-на-Дон – 13
Брянск – 2
Сыктывкар – 2
Полиция қызметкерлерімен конфликтіге келгендер: 6
Кәмелетке толмағандар: 28
Ұсталған журналистер: 3
Ұсталғандар ӘҚБтК 20.2-бабының 5-бөлігі бойынша «Акцияларға қатысу ереджесін бұзу» негізінде айыпталған. Оларға 20 мың рубльге дейін айыппұл немесе 40 сағатқа қамау туралы үкім шығарылған.
Мәскеуге болысқан қалалар
Ресейдің Мәскеуден басқа қалаларында өткен жаппай наразылық акциялары:
Хабаровск: 500-ге жуық адам,
Екатеринбург: шамамен 300 адам,
Новосибирск: 200-ден 300 адамға дейін,
Ижевск: шамамен 250 адам,
Воронеж: 200 адам туралы,
Төменгі Новгород: шамамен 200 адам,
Петербург: 200-ге жуық адам,
Қазан: шамамен 200 адам,
Омбы: шамамен 200 адам,
Иркутск: 100-ден астам адам,
Самара: 100-ден астам адам,
Уфа: шамамен 100 адам.
Түйін
Биылғы жаз маусымы Кремль үшін «басқаша ойлайтын» жас ресейліктердің өзгеріске ұмтылыс мақсатындағы наразылықтары «жаңа толқын» тасқыны ретінде әсер еткені сөзсіз. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, алдағы бес жылда Ресей тарихи маңызы зор демократиялық өзгерістерді басынан кешіріп, жүйе мүлдем жаңа сипат алуы мүмкін. Сәйкесінше бұл ортаазиялық басты көршісі Қазақстанға да ықпалы етері сөзсіз. Посткеңестік елдердегі әлемге мәлім авторитарлық режимдер Кеңес одағының аналогын құрғысы келетін «сағым» аңсарымен ауыратын бүгінгі РФ-ның курс өзгерісімен жойылуы ықтимал деген де пікірлер бар. Болжам расқа шықса, біздегі қарасы көбейген қарсылық көңіл-күйлердің митинг-пикет, «серуен» формалары ертең бүлікшілік көзқарасында емес, азаматтық қоғамды орнықтыруда «зор фактор» ретінде бағаланатыны анық.
Өзгеріс – табиғат заңы. Сингапурдың «сәулетшісі» атанған Ли Куан Ю «Сингапрулық тарих. 1965-2000 ж.ж. Үшінші әлем елдерінен «біріншілікке» мемуарында «Менің жолымда екі таңдау тұрды. Біріншісі: халқымды тонап, жалаңаштандырып, есесіне жақындарым мен дос-туыстарымды «Форбс» тізіміне енгізу. Ал, екінші: еліме қалтқысыз қызмет ету арқылы үздік ондыққа кіргізу. Мен екіншісін таңдадым», – дейді. Жұрты қайта-қайта бас көтеріп жатқан басшылар сингапурлық әмірдің сөзіне бір уақ ой жүгіртсе, өз таңдауын қайта айқындаса деген тілек бар азаматтық қоғамда.