АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен елдегі және өзге де мемлекеттердегі Құрама Штат туы 8 тамызға дейін түсірілді. Ақ үй басшысы мұндай бұйрықты Техас пен Огайо штаттарында болған қырғын құрбандарының рухына құрмет білдіру мақсатында тапсырған.

3 тамызда АҚШ-тың Техас штатында болған атыс кезінде кемінде 20 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Оқиға Мексикамен шекаралас аумақтағы Эль-Пасо қаласындағы Walmart дүкені маңында орын алды. Reuters агенттігінің мәліметінше, шабуылдаушы ұсталып, Ақ үйдің қадағалауымен тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Техастағы оқиға елді дүрліктіріп тұрғанда, 4 тамызда АҚШ-тың Огайо штатындағы Дейтон қаласында тағы да атыс болды. Белгісіз біреу жұртқа оқ жаудырып, кемінде 9 адам қаза тапқан. Он алты адам ауруханаға түскен. Әзірге оқиғаның жай-жапсары белгісіз.

АҚШ үкіметі бұл екі оқиғаны жек көру сипатындағы қылмыс ретінде бағалап отыр. Шабуылдаушының бірі, 21 жастағы Патрик Крузиус атысқа дейін интернетте нәсілшілдік сипатындағы манифест жариялаған. NBC Politics хабарлауынша, Техастағы атыс Латын Америкасынан келген босқын, мигранттарға қарсы ұйымдастырылған. Қаза тапқандар мен жараланғандар саны бойынша Эль-Пасодағы қырғын АҚШ тарихындағы ең қанды шабуылдар қатарында.

"The Qazaq Times"