Мәскеудің Калининградқа "Искандер" змырандарын тұрақты орнату туралы шешімі Еуропа қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп мәлімдеді Германия сыртқы істер министрі Зигмар Габриэль "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында. Бұл туралы centralasian.org жазады.
Ресей өткен жылы Калининградқа ядролық оқтұмсығы бар баллистикалық зымырандар жеткізіп, С-400 әуе шабуылынан қорғаныс жүйесін орнатқан. Ресей бұл қару-жарақтар әскери жаттығу аясында орналастырылды дейді. Бірақ Батыс елдерінің әскер басылары бұл қару-жарақтар Калининградта ұзақ мерзімге қалдырылуы мүмкін деп қауіптенеді.
"Калининградта "Искандер" зымырандарын ұзақ мерзімге орнату үлкен алаңдаушылыққа және Еуропаның қауіпсіздігіне соққы жасауға себеп болады. Біз осы себептен Калининградта не болып жатқанын мұқият бақылап отырамыз" деді Зигмар Габриэль.
Кейбір "Искандер-М" зымырандары ұшырылған жерінен бастап 700 километр қашықтықтағы нысанаға дәл тиіп, қирата алады. Габриэль Ресейдің Польша мен Балтық елдеріне НАТО-ның төрт мың сарбазының, оның ішінде Литваға 400 неміс солдатының орналастырылғанына байланысты сынын қабылдамады. "Германия мен НАТО-ның өзге елдері Балтық бойына бірінші рет кіріп отырған жоқ" деген Габриэль аймақтағы неміс әскерінің саны Ресейдің аймақта жаппай күшейтіп жатқан әскери қуатымен салыстырғанда әлдеқайда аз екенін айтты.
Габриэль бұл туралы 9 наурызда Мәскеуге сапарының қарсаңында айтты. 9 наурызда ол Мәскеуде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездеседі.
«The Qazaq Times»