АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский телефон арқылы сөйлесті.

Ақ үй баспасөз қызметінің хабарлауынша, Зеленскийге қоңырау шалған Трамп Украинадағы парламент сайлауында басқарушы билікке қарасты «Халық қызметшісі» партиясының жеңіске жетуімен құттықтаған. Сонымен қатар, екі ел басшысы АҚШ пен Украина арасындағы дипломатиялық, энергетикалық және экономикалық байланыстарды талқылаған.

Өз кезегінде Трамп Зеленскийдің елдегі жемқорлық салдарымен күрес жүргізетініне сенім білдірген. Ал Зеленский Уашингтонның Мәскеуге бағытталған санкциялар пакетін қолдайтынын айтып, АҚШ-қа алғыс білдірген.

21 мамырда инаугурациясынан кейін АҚШ және Еуропалық одақ өкілдерімен кездескен Зеленский Ресейдің агрессиялық саясатына қарсы санкция енгізгені үшін екі тарапа алғыс білдірген. Сонымен қатар, Зеленский сөзінде: «Америка тарабы Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді жалғастырса екен дейміз. АҚШ – Украинаның Ресей агрессиясына қарсы тұруда қуатты әрі ірі серіктестерінің бірі», – деп мәлімдеген.

9 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинді Еуропа елдерінің басшылары бас қосатын жаңа форматтағы кездесуде пікірсайыс өткізуге шақырған болатын. Зеленский сөзінде: «Сөйлесу керек болса, сөйлесейік. Қырымның кімге тиесілі екенін, Донбасста кімдердің жоқтығын талқылайық. Кездесуге мен, Владимир Путин, АҚШ президенті Дональд Трамп, Ұлыбритания премьері Тереза Мэй, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануэль Макрондар келсе деген ұсыныс бар. Өтетін орны? Меніңше, Александр Григорьевич Лукашенко Минскіде бізді қуана қарсы алады», – деген. Зеленскийдің бұл бастамасына Беларусь президенті Александр Лукашенко қолдау білдіріп отыр. Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің алдағы күндері жауап беретінін айтты. Телефон арқылы сөйлесу кезінде Трамп пен Зеленскийдің аталған кездесу жайлы қандай шешім қабылдағаны әзірге белгісіз.

"The Qazaq Times"