Лондонда жүздеген адам Борис Джонсонның елдің жаңа премьер-министрі болып тағайындалуына қарсы наразылық акциясын ұйымдастырды.
ВВС телеарнасының хабарлауынша, наразылық акциясын The People'S Assembly тобының сол қанаты ұйымдастырған. Наразы топ Даунинг-Стритте орналасқан премьер-миниистрдің резиденциясы алдына жиналып, Brexit жоспарынан бас тартуды талап етті. Сонымен қатар, белсенділер «Борис Джонсон Ұлыбританияны құрдымға кетіреді» деп, оған қарсы екендігін айтқан.
24 шілдеде Консерваторлар партиясының жаңа басшысына дауыс беру қорытындысы бойынша Джонсон 92 153 дауыс, ал оның қарсыласы – қазіргі Сыртқы істер министрі Джереми Хант 46 656 дауыс жинаған. Сайлау нәтижелері мәлім болғаннан кейін Джонсон өзінің Twitter парақшасында: «Беріліп қызмет ететін, партияны дамытып, елімізді алға жетелейтін уақыт келді. Мені қолдағандарыңыз үшін алғыс. Сіздердің сенімдеріңізді нығайту үшін барымды саламын», – деген жазба қалдырды. Осыған дейін мемлекет СІМ-нің басшысы және Лондон мэрі болған Борис Джонсон Біріккен Корольдіктің 77-ші премьер-министрі атанды.