Әлемдік БАҚ осыдан бірнеше күнбұрын, Ирак үкімет армиясы мен Мосул қаласында бекінген «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы арасында қиян-кескі атыс орын алғанын хабарлауда. Соғыстан жапа шеккен халық үкімет күшімен бақыланатын қауіпсіз аймаққа қашуда. Алайда үкімет армиясы жанкештілердің шабуылынан сақтану үшін, қауіпсіз аймаққа кіретін бұқараларды тексеруді қатаң жүргізді.
Бір күн бұрын шетел журналистері Мосул көшесінде үкімет қарулы күштері қауіпсіз аймаққа кірген тұрғындарды тексеріп жатқанын суретке түсірген. Фотосуреттен қазірдің өзінде Мосул көшелері кірпіш қирандылардан аяқ алып жүргісіз екенін байқауға болады. Лаңкестердің шылауында болған жазықсыз бұқара, үкімет армиясы құрған қауіпсіз аймаққа қарай қашып өтуде. Балаларын көтеріп, үкімет армиясынан жанашырлық тілеп жыламсырай жүгірген адамдардың жанарынан, сол елге соғыстың салған терең табын байқау қиын емес. Кейбіреуі аяғына тәпішке киіп, көбі жалаңаяқ қашып келуде.
Қарулы күштерге жолыққанда ер адамдар киімдерін шешіп, өздерінің жанкешті емес екенін дәлелдеуге турал келеді. Осының бәрі лаңкестер қашып өткен бұқаралар арасына жанкештілерін қосып жіберді деген хабардан кейінгі шаралар. Қазір қалада лаңкестерге қарсы күрес толассыз жүргізілуде. Үкімет армиясы бүгінгі берген мәлімдемесінде, қала ортасына дейін лаңкестерден тазартып болғанын, бұрынғы қалалық үкімет үйне жеткенін, алда қала ортасындағы Хуррия көпірімен батысқа қарай ілгерілейтіні мәлім болды.
“The Qazaq Times”