Орталық Азия елдерінің болашағы қандай? Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан бестігі қай бағытта кетіп барады? Ішкі, сыртқы, аймақтық саясаттың бүгіні мен ертеңі қандай?
Жоғарыда айтқанымыздай Орталық Азия елерінің дамуына ішкі, сыртқы және аймақтық саяси жағдайлар әсер етеді. Бұл жаһандық деңгейде қарағанда заңды дүние. Бірақ бүгінгі Орталық Азия бестігінің Ресей, Қытай және ислам әлемі елдерінің ортасында отырғандығын ескерсек, бұның қаншалықты қаупті екендігін байқайсыз.
Қазақстан Тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде әлем елдері алдында өзін Орталық Азияның көшбасшысы ретінде ұстап келді. Бұл бір есептен дұрыс ұстаным да шығар. Бірақ дәл қазіргі жағдайда бұл көшбасшылық қаншалықты қажет? Осы уақытқа дейін билік өкілдері жыл сайын Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің, ең үлкен театрдың лентасын қиюмен айналысып келді. Бірақ бұдан былай лента кесудің дәуірі өткен тәрізді. Себебі билік транзитінің басталуы, әлемдік геосаяси жағдайлардың шиеленісуі, державалар текетіресінің ушығуымен қатар ұзақ жылдардан бері ел ішінде қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелер атты «пандора жәшігінің» шамадан тыс толуы осыған меңзейді. Біраз уақыт бұрын еуропалық сарапшылар «Қазақстан билігінің алдағы бірнеше жылдағы бас ауруы елдегі әлеуметтік мәселелерді шешу болады» - деген болжам жасаған. Жыл басынан бері Республиканың түкпір-түкпірінде болып жатқан митингілер мен наразылық акцияларына қарап, батыс сарапшыларының айтқаны айдай келгеніне тағы бір мәрте көз жеткізуге болады.
Қырғызстан мен Тәжікстан үшін қазіргі таңда сыртқы қарыз күрделі мәлеле болып тұр. Жақында Қырғызстан қаржы министрі Әділбек Қасымәлиев бұдан былай Қытайдың «Эксимбанкінен» несие алуды тоқтатуды ұсынды. Оның бұндай бастама көтеруіне негіз де жоқ емес. Себебі Қырғызстан сыртқы қарызының 44,8 пайызы дәл осы банкке тиесілі. 2010 жылы ресми Бішкектің Бейжің алдындағы қарызы сыртқы берешектің 5,7 пайызын құраған. Соңғы статистикалық мәліметтер бойынша, Қырғызстанның «Эксимбанк» алдындағы қарызы 1,7 миллиард доллар болған. Ел үкіметі 2018 жылы бір ғана шетелдік кредитордан алынатын несие көлемін жалпы берешектің 50 пайызынан асырмау жөнінде өз өзіне шектеу қойған.
Сооронбай Жээнбеков билігі алдында тұрған мәселе ресми Душанбе алдында да тұр. Бүгінгі таңда Тәжікстанның сыртқы қарызы 2,924 миллиард доллар. Оның 1,2 миллиарды Қытайдың «Эксимбанкіне» тиесілі. «Fitch» халықаралық рейтинг агенттігінің мәліметінше, соңғы уақыттары сыртқы қарыздардың артуына байланысты Тәжікстан экономикасының өсу қарқыны баяулаған. Сарапшылар пікірінше, Душанбенің алдағы уақыттағы экономикалық саясаты Қытаймен тікелей байланысты. Себебі Тәжікстан Бейжіңмен арадағы қарыз тұрақтылығын ұстап тұруы тиіс.
Бұдан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан экономикасы үшін мигранттар қаржысына тәуелділік қаупі бар. Былтырғы жылы сыртта жүрген Қырғызстан мигранттары елге 2,5 миллиард доллар қаржы аударған. Оның 90 пайызы Ресейде жүрген қырғыз азаматтарына тиесілі. Ресей Орталық Банкінің мәліметінше, 2018 жылы Тәжікстанға аударылған мигранттар қаржысы 2,553 миллиард доллар болған. Жапонияның халықаралық әріптестік агенттігінің зерттеуінше, мигранттар қаржы аударымы Тәжікстан ЖІӨ 40 пайызын құрайды. Бұл ел экономикасын сыртқы факторларға тәуелді етеді және өзіндік дербез саясат жүргізуге кедергі келтіреді. 2018 жылы Өзбекстан мигранттары Ресейден қаржы аудару бойынша Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерді басып озды. РФ Орталық Банкінің статистикасы бойынша, былтырғы жылы өзбек мигранттары еліне 4,082 миллиард доллар қаржы аударған. «Doing Business» рейтингіне қарағанда Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан экономикасындағы бұл жағдай жақын аралықта өзгермейтін тәрізді. «Doing Business»-тің 2019 жылғы бизнес және инвестициялық тартымдылық рейтингінде жоғарыда аталған төрт мемлекеттің төртеуінің де көрсеткіші өте төмен. Атап айтқанда, Қырғызстан - 70, Өзбекстан – 76, Тәжікстан – 126 орында. Қазақстан аталмыш рейтингте 26 орынға жайғасқан. Түркіменстан бұл рейтингке енбей қалған.
Орталық Азия елдеріне төніп тұрған қауіптердің қатарында демографиялық мәселелер де бар. Бірақ бұл мәселелер әр елде әр түрлі формада. Мысалы, Өзбекстан мен Тәжікстан болашақта халықтың жоғары қарқынмен өсу мәселесіне тап болмақ. Әлемдік Банк зерттеуінше, Тәжікстандағы кедейлік пен жұмыссыздық халық санының жыл санап артуымен тікелей байланысты. Елде халық саны өскенімен жаңа жұмыс орындары ашылмауда. Өзбекстанда да дәл осындай жағдай. Қараша айында жұмыссыздық және еңбек қатынастары министрі Шерзод Кудбиев барлық жастарды жұмыспен қамту мүмкін емес екендігін айтты. Оның сөзінше, жыл сайын еңбек нарығына 700 мың жас азамат келіп қосылуда. Демография мәселесінде Қазақстан мен Қырғызстанда, Өзбекстан және Тәжікстанмен салыстырғанда кері процесс жүруде. Бұл жерде халық санының артуымен қоса егде жастағы адамдар санының өсу мәселесі бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша, жалпы халық санының 7 пайызы 65 жастан асқан болса, онда ол қартаю процесіндегі қоғам болып саналады. Болжам бойынша, 2020 жылы Қазақстан халқының 7,4 пайызын егде жастағы азаматтар құрайды. Экономистер есебінше, қартаю процесі жүріп жатқан қоғамда денсаулық сақтау мен зейнетақыға бөлінетін қаржы көлемі артады. Ал салықтан түсетін қаржы керсінше азаяды. «Moody s» агенттігінің мәліметінше, алдағы уақытта Қырғызстанда да жасы 60-тан асқан азаматтар саны артады. Қазірдің өзінде ресми Бішкек ЖІӨ-нің 8,2 пайызын зейнетақы шығындарына жұмсауда. Болашақта бұл көрсеткіш 3-4 пайызға өсуі мүмкін.