ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваға сот үкім кесті.
Осыған дейін үлкен көлемде пара алды деп қамауға алынып, ізінше қызметтік бабын асыра пайдаланды деп айыпталған Э.Суханбердиеваға қатысты сот процесі осы аяқталды. Сот оны кінәлі деп танып, 2500 АЕК көлемінде айыппұл салды, сонымен қатар өмір бақи мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды. Сонымен қатар Нұр-Сұлтандағы №3 мектеп-гимназияның бұрынғы директоры Елена Шеверняеваға да үкім шықты.
6 маусымда астана соты айыпталушыны тамыздың 2-іне дейін қамауға алуға байланысты шешім шығарды. Бұған дейін Ұлттық бюро вице-министрдің үстінен жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын мәлімдеген.
Айта кетейік, Эльмира Суханбердиева 1971 жылы 26 қазанда Атырау облысында дүниеге келген. 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін бітірген. 2013-2016 жылдар аралығында Астана қалалық білім басқармасының басшысы болып қызмет атқарған. 2016 жылы сәуірден бері Білім және ғылым вице-министрі болған.