Шілденің 6-сы, астана күні мерекесінде Алматы қаласында сағат шамамен 19:15-19:50 аралығында Алматы қаласының Орталық стадион мен Балуан Шолақ атындағы спорт кешені (Абай даңғылы мен Байтұрсынов көшесінің қиылысы) маңайына жиналған жұртшылықты және жүргіншілерді ұстау жиілеп, арнайы жасақ та күшейтілген тәртіпте жұмыс жүргізгені байқалды.
«Милициялар мұнда не істеп жүр?», «Арысқа бармай ма?», «Алаяқтардың ізіне түспей ме?» деп бір топ әйелдер өз пікірін білдірсе, кейбір азаматтар «Алға, Қазақстан!», «Оян, Қазақ!», «Бостандық» деп ұрандап жатты. Қайсыбір азаматтар «заңсыз» митингіге арнайы келгенін ашық жариялап, ал кейбірі жай ғана мерекелік серуенде сейілдеп жүргенін айтты. Тіпті ұстау жиілеген тұста автозактар алдында бірнеше ұсталушы қолдары қайырылған күйде кезекте кідіріп тұрып қалды. 19:28-де өзін Күмісбек Бесжан деп таныстырған мемлекеттік ту асынып, басына ұлттық өрнекті тақия киген жас жігіт те ұсталды. Ұсталғандардың қатарында көрнекті көсемсөзші, ақын Мырзан Кенжебай да болды. Біршама ұстаулардан соң егде жастағы бірнеше зейнеткер, әйел азаматтар полицияның әрекетіне наразылықтарын білдіріп, тұтқындауды тыюды талап етті.
Арагідік, әсіресе сағат 19:30-дарға таяу көше бойында автоколонналық сигналдар дауысы зорая түсті. Бірнеше көлік иесі сигнал бергені үшін жол бойында тоқталып, автозакқа мінгізіліп, жеңіл көліктерді арнайы жол-патрульдік эвакуатормен алып кетті. Оқиға орнына тұрғындар мен жүргіншілерді тарауға полиция қызметкерлерімен бірге Алмалы және Бостандық аудандарының әкімдері Бекқали Торғаев пен Алтай Рақымбеков те келді. Олар аталмыш жиынның заңсыз екенін ескертіп, оған қатысушыларға шара қолданылатынын айтты.
Кешкі 21:30-дар шамасында ҚР Ішкі істер министрлігі фейсбук парақшасында арнайы мәлімдеме жариялады. Онда полиция бөлімдеріне жеткізілген заңсыз митинг ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушыларының кейбіреуінен «түтіндегіш құты және травматикалық қару» алынғанын айтылған. Сондай-ақ құқық қорғау өкілдері тарапынан «тәртіп бұзушыларды ұстау барынша сауатты жүргізілді, арнайы құралдар қолданылған жоқ» деп қорытындыланған.
Осыған дейін ҚР аумағында экстремистік ұйым ретінде танылып, жұмысына тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» («ҚДТ») қозғалысының басшысы Мұхтар Әблязов көпшілік азаматтарды интернет арқылы 6 шілде жаппай наразылық шарасына шақырған еді. Жалпы Алматыда өткен санкцияланбаған жиында 100-ден аса азамат ұсталды.