АҚШ пен Иран арасындағы дау басылмай тұрып, Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі Аба әуежайына шабуылдады. Шығанақтағы жағдайдың ушығуына байланысты БҰҰ өкілдері ресми мәлімдеме жасады.
Reuters агенттігінің мәліметінше, әуежайдағы шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, жетеуі жараланған. Осыдан бірер күн бұрын Иран АҚШ-тың жойғыш ұшағын атып түсірген болатын. Оқиғадан кейін АҚШ Иранға қарсы санкция енгізетінін айтса, Иран АҚШ долларынан түбегейлі бас тартатынын хабарлады. Кейіннен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Сауд Арабиясына барып, Сауд Арабиясының королі Сәлман бен Әбдел Азизбен кездесіп, Оман шығанағындағы ахуалды талқылады. Майк Помпео бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасап, АҚШ-тың Иран аумағында тыңшылық етуі және шекараны бұзу туралы ақпардың жалған екенін айтты. Егер Иран жағдайды осылай ушықтыра берсе, онда АҚШ күллі әлемді оған қарсы қоятынын жеткізді. Помпео сөзінде: «Парсы шығанағындағы Одақ қана емес, өңірдегі қауіпті жақсы түсінетін Азия мен Еуропадағы елдері терроризді жақтайтын Иранға қарсы шығады. Дональд Трамп бастаған іс аяғына дейін жететінін әлі де көресіздер. Осы дүйсенбіде Иранға қарсы жаңа санкциялар салынады. Иранның ядролық қару жүйесі мен зымыран бағдарламасын іске асыруына жол бермейтінімізді жаһан елдері жақсы түсінуі тиіс», – деп мәлімдеген.
Екі ел арасындағы дауға қатысты Иранның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Сейед Аббас Муави: «Соңғы 40 жылда АҚШ-тың бізге салмаған санкциясы қалмады. Одан не ұтты? Ешнәрсе ұтпады. Иранның бірлескен кешенді іс-қимыл жоспары аясында заңды құқығы қамтылмайынша, біз ядролық келісімде бізге жүктелген міндеттемеден біртіндеп бас тартамыз. Сондықтан Еуропа елдері үшін мәселенің шешімін табуға бірнеше күн қалды. Олар не істеу керегін жақсы біледі. Ешқандай шара қолданбаса, онда біз келесі қадамға көшеміз», – деген.
Шығанақтағы жағдайға БҰҰ тарабы да алаңдаушылық танытып отыр. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гутерриш: «Шығанақтағы жағдайды жіті назарда ұстау өте маңызды. Мұндай жағдайда сабыр сақтаған жөн. Әлем шығанақтағы соғысты көтере алмайды», – деп мәлімдеді. Дегенмен, АҚШ – Иран қақтығысының қашан шешім табатыны беймәлім.