Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Босқындар агенттігі бір күн бұрын мәлімдеме жасап әлемдегі босқындар саны былтырғымен салыстырғанда 2,3 млн адамға көбейгенін айтты. Аталған агенттіктің есебіне қарағанда, әлемде қарулы қақтығыстар, түрлі жанжалдар мен қысымдардан 70,8 млн адамның өз мекендерінен қоныс аударуға мәжбүр болған.
Аталған агенттіктің көрсеткен есебінде, соңғы жиырма жылда әлемде босқындар саны екі есеге дейін өскен. Бір жылдағы босқындар санын күнге шағатын болсақ, әр күні 37 мың адам мекенін тастап босып кетуге мәжбүр болады екен. Зерттеушілер бұл есеп алдағы уақытта қақтығыстар, қысымдар әсерінен босқындар санының тіпті де арта түсетінін көрсетеді деп қарайды.
Әлем елдеріндегі босқындар туралы кезекті есепке Венесуэладағы дағдарыс қосылмағандықтан босқындар саны есептегіден әлде қайда көп болуы мүмкін. Себебі, Венесуэладағы әлеуметтік дағдарыс басталғалы бері 4 миллионға жуық адам елден шығып кеткен.
Шарасыз қоныс аударушылардың 3 үлкен тобы
БҰҰ-ға қарасты агенттіктің зерттеуіне сәйкес, босқындарды үш топқа бөлуге болады.
Бірінші тобы қашқындар немесе соғыс қысымнан бас сауғалап еріксіз қоныс аударушылар. Бұлардың саны 25,9 млн адам. Бір ғана палестиналық босқындардың саны 5,5 млн адамды құрайды.
Екінші тобы саяси баспана сұрап қоныс аударған 3,5 млн адам. Олар өз мемлекеттерінің шет жерлерде жасайды, алайда оларға ресми босқын мәртебесі берілмеген.
Үшінші тобы өз мемлекеті ішінде немесе шет мемлекетке қоныс аударуға мәжбүр болған 41,3 млн адам. Олар негізінен Сүрия, Ауғанстан, Мьянма, Оңтүстік Судан және Сомали елдерінен көбірек сыртқа шыққан.
Соғыс себебінен босқын болғандар саны Сүрияда ең көп тіркелген, яғни 6,7 млн сүриялық соғыс себебінен босқын болған. Ауғанстанда бұл сан 2,7 млн.
Әлемдегі босқындардың небары 7 пайызы ғана мекендеріне қайта алған.