Израильдің Манама саммитіне қатысу құқығы алынып тасталды. Бұл туралы Ақ үй лауазымдыларының мәліметіне сілтеме жасай отырып VOA ақпараттық агенттігі хабарлаған.
Бұған дейін Израиль тарабы АҚШ-қа Палестина мәселесін біржақты етудің жаңа жобасын ұсынып, екі ел ортасында аталған жоспарды жүзеге асыру туралы сөйлесулер болған. Алайда, Палестина азаттық ұйымдары мен бірқатар араб елдері Палестина азаматтары мен ресми тұлғалары қатыстырылмаған бұл жоспарды айыптаған. Ақ үй тарабы қарсылыққа қарамастан 25 маусым күні Палестина мәселесін басты тақырып еткен Манама экономикалық саммитіне шақырған.
Алайда, аймақтағы басты ойыншылардың қарсылығынан кейін және соңғы кездердегі Орта Шығыстағы саяси жағдайлардың шиеленісуі Ақ үй шешімін өзгертуге мәжбүр етті. Израильді Бахрейн астанасында өтетін саммитке қатысудан шеттетті.
Палестина мәселесін АҚШ пен Израиль ортасында шешу сынды бұл даулы әрі күдікті саяси ойындардың көш басында АҚШ президентінің күйеу баласы Жаред Кушнер жүр. Ол Ақ үйдің бірқатар лауазымдыларымен бірге 25-26 маусым күндері өтетін Манама саммитіне қатысады.
Айта кетейік, Палестина азаттық ұйымы Палестинаның ең негізгі мүддесі, территориясы мен егемендігі қарастырылмаған, АҚШ пен Израиль ортасында ғана жасалған бұл жоспардың және Манама саммитінің шешімін мойындамайтынын ескерткен. Оған қоса Ресей мен Қытай Манама жиналысына қатыспайтынын мәлімдеген.