Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауды бақылау үшін ТМД елдерінен 432 байқаушы келді.

Интеграциялық құрылымнан келген топ өңірлерді аралап, кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын бақылады. Осы ретте ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Сергей Лебедев: «Біз бұл жерге сайлау алдында және сайлау барысында қандай да бір кемшіліктерді іздеуге келген жоқпыз. Қайта Қазақстандағы достарымыз бен әріптестерімізге қолдау көрсетейік деп келдік. Десе де, елдің ішкі істеріне араласпау қағидасын ұстанамыз. Ең бастысы, саяси процесс кезінде заңның орындалуын жан-жақтан бақыламақпыз», – дейді.

Шетелдік бақылаушылардан бөлек, сайлау кезінде ақпарат тарататын журналистер де ресми аккредитациядан өтті. ҚР СІМ тарабының хабарлауынша, тұрақты негізде 40-тан астам елден 227 шетелдік корреспондент тіркелген. 2015 жылғы сайлауда бұл сан 168 болған.  Шетелдік журналистер Қазақстанның сыртқы саяси ведомстволарының берген тұрақты немесе уақытша аккредиттеу туралы куәлігі болғанда ғана сайлауға бақылау жасай алады.

Айта кетейік, Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау 9 маусымда өтеді. 8 маусым – тыныштық күні. Биыл ҚР ОСК жеті кандидатты тіркеді. Олардың ішінде «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы ұсынған кандидат Әміржан Қосанов, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рахымбеков, Қазақстанның коммунистер партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан Сәді-Бек Түгел, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясынан Амангелді Таспихов және «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева бар.

"The Qazaq Times"