Бүгін Украина президенті Владимир Зеленский мен НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергтің ресми кездесуі өтеді. Басқосуда Украинаның НАТО құрамына енуі, ресейлік тараппен арадағы шиеленіс және санкция тақырыптары қаралмақ.
Қос тараптың кездесуінен соң, Украина – НАТО комиссиясының отырысын өткізу жоспарланған. Украинформ таратқан ресми хабарламада: «НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг сейсенбіде Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездеседі. Кездесу альянстың штаб-пәтерінде өтеді», – делінген.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы Украина мен НАТО-ның Донбасс және Қырымда ресейлік агрессияға қарсы әрекет ету, әскери жаттығулар өткізу. Осыған дейін НАТО-ның парламенттік ассамблеясы «агрессорлық Ресейдің қауіп-қатеріне қарсы тұру үшін» Украинаны альянсқа қосуды талқылаған. Алайда, Мәскеу тарапы Шығыс Еуропада басқыншылық саясат жүргізіп отырғанын түбегейлі жоққа шығарды.
2013 жылы Еуромайдан деп аталған жаппай халық толқуына қатысқандар Украинаның солтүстік альянс пен Еуропалық Одаққа қосылуын талап еткен. Сондай-ақ Украинаның ұлтшылдар ұйымы (ОУН) Ресейден іргені аулақ ұстап, еуропоцентризмге бет алу керектігін бірнеше рет ескерткен. Бірақ 2014 жылғы Қырым аннексиясынан соң Ресей тарапы Украинаны «уыстан» шығармауға тырысып бақты. Қанша дегенмен Украина да құр қалған жоқ: Мәскеумен арадағы бірнеше байланысқа нүкте қойды. Мәселен, биылғы жылдың қыркүйегінде президент Петр Порошенко Украина мен Ресей арасындағы Достық, Ынтымақтастық және серіктестік келісімінің күшін жою туралы жарлықты қабылдады. Ал қазаннан бастап Украинаның Житомир облысы орыстілді мәдени өнімдерге толықтай тыйым салған болатын. Тыйым актісі бойынша, орыстілді бағдарлама, фильмдерді көрсетуге, ақпараттарды жариялауға болмайды. Сондай-ақ, ресейлік өнерпаздардың гастрольдік сапармен келуіне де қатаң тыйым салынған. Қарсылық шаралар мен заңдар «Ресей Украина аумағын басып алудан толықтай бас тартпайынша» өз күшін жоймайды.
Қазірдің өзінде Украина НАТО-мен бірлескен әскери жаттығуларды жиі өткізеді. Сол себептен де Ресей НАТО-ның Шығыс Еуропаға қарай ұлғаюына қарсы болу мақсатында ауқымды әскери жаттығу өткізіп келеді.
20 мамырда Зеленский Украина президенті лауазымындағы алғашқы шетелдік сапарын Брюссельден бастауға ниетті екендігін айтқан. Ал келесі сапарын Уашингтон мен Торонтода жалғастырмақ. Жаңа президентті ұлықтау рәсіміне қатысуға келген АҚШ өкілдерімен кездесуде Зеленский: «Донбасс пен Қырымдағы Ресей агрессиясына өзіміз қарсы тұра алмаймыз. Сондықтан сіздердің көмектеріңіз керек. Украина аумағының тұтастығын қалыпқа келтіру ісінде көшбасшылық танытып, ел ішін реформалауда көмек көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіреміз және Америка тарабы Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді жалғастырса екен дейміз. АҚШ – Украинаның Ресей агрессиясына қарсы тұруда қуатты әрі ірі серіктестерінің бірі», – деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Украинаның жаңа президенті елде ашық, әділ және демократиялық реформа жүргізуге әзір екенін айтты.