АҚШ пен Иран жоғары лауазымдылары екі ел арасындағы қайшылықты келіссөз арқылы шешуге тікелей әрекет етпесе де, соғыс қаупінде тұрған екі елдің басшылары келіссөз мәселелерін жиі айта бастады. Алайда, тараптардың келіссөзге деген ұстанымдары бірдей емес. Жақында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Швейцарияда жасаған мәлімдемесінде, президент Трамптың Иранмен келіссөзге дайындалып отырғанын жеткізген еді. Бірақ, Иран СІМ басшысы Мохаммед Жевет Зариф болса Иран-АҚШ арасындағы келіссөздің мүмкіндігі аз екенін айтқан. 

Зариф америкалық ABC News тілшісіне берген сұхбатында  "келіссөз – қысымның жалғасуы" болатынын баса айтқан. Себебі, Иран 2015 жылы қол қойған келісімде қалуды көздейді, ал Құрама Штаттар тарабы жаңа келісім жасасуды мақсат етеді. Тараптардың келіссөз жүргізуге деген ұстанымдарының бір-біріне қарамақайшы екенін білуге болады. Бұдан бір жыл бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп 2015 жылы қол қойылған ядролық келісімнен бір жақты шығып кетті және Иранға қарсы экономикалық санкцияларды қалпына келтірді. Трамп үкіметі бұның бәрін Иранды жаңа келісімге көндіру мақсатында жасағаны белгілі. Сол тұста, мемлекеттік хатшысы Помпео мәлімдеме жасап, санкцияларды алып тастау және келіссөз жүргізу үшін 12 түрлі шарт қойған болатын. Олардың арасында Иранның ядролық және зымыран бағдарламаларын түбегейлі  жойып,, аймақтың қарсылық әрекеттеріне тоқтау қою секілді талаптар да бар.

Бірақ, Иран билігі бұған келісім бермеді, оған жауап ретінде АҚШ қысымды барған сайын арттырды. Соңында, Иран мұнай экспортына толықтай тыйым салды және ИИР Революция сақшыларын лаңкестік ұйым қатарлы жариялады. Тһран билігі де қарап жатпай, АҚШ-тың Орта Шығыстағы барлық әскери күштерін террорлық ұйым деп таныды. Нәтижеде, екі елдің бір-біріне қарсы әскери күш қолдану қаупі жақындай түсті.

Өткен айда, АҚШ-Иран қайшылығы соғыс қаупінде тұрды. Шығанақта күтпеген жерден атылған бір ғана оқ, екі елдің арасында жойқын соғысқа алып келуі мүмкін еді. Дегенмен, екі тараптың лидерлері соғысты қаламайтынын қайта-қайта мәлімдеді. Әрине, Иран үшін АҚШ сынды державамен бетпе-бет келу оңды шешім емес-ті. Алайда, Трамп билігі үшін де солай болды. Себебі, Иранмен қақтығысты Республикашылдар партиясы да толықтай қолдамайды. Олар Иранмен қақтығыс туылса, партия 2020 жылғы сайлауда жеңіліске ұшырайды деп қарайды.

Былтыр 12 түрлі шарт қойған Трамп үкіметі қазіргі кезде Иранмен шартсыз келіссөзге ниет танытуда. Ал, Иран тарабы әлі де АҚШ-тың Иранға қарсы ұстанымын өзгеруді талап етуде. Бұл кереғарлық келіссөз туралы тараптар көбірек сөз еткенімен, тараптар арасында келісімнің ауылы әлі де алыс жатқанын байқатты. АҚШ пен Иран арасында тікелей дипломатиялық қатынас жоқ болғандықтан, екі елдің арасында дәнекер ара ағайын керек болуда. Бұған АҚШ Жапония және ЕО-дағы одақтас елдерін алға шығаруы мүмкін.

“The Qazaq Times”