Президенттікке үміткерлер қанша қаржы жұмсады?
Орталық сайдау комиссиясы кандидаттар қорының қанша қаржы жинап, қанша қаржы жұмсағанын жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау алды қорына осы уақытқа дейін 1 миллиард теңге жиналған. Оның 510 миллионы «Нұр Отан» партиясының жеке қаржысы. Қалған 514 миллионы жекелеген азаматтардың көмек ретінде берге қаржысы. Тоқаев штабы сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарына 185,6 миллион теңге жұмсаған.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан сайлауға түсіп жатқан Әміржан Қосановтың сайлау алды қорына 76,6 миллион теңге түскен. Оның ішінде 76 миллион теңге кандидат мен қозғалысқа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаржы. Қалған 643 мың теңге халықтың көмегі. Осы күнге дейін үгіт-насихат жұмыстарына 53 миллион теңге жұмсалған.
«Ақ жол» партиясының үміткері Дания Еспаеваның қорына 113 миллион теңге жиналған. Құжатта қаржының барлығы халықтан көмек ретінде жиналған делінген. Бүгінгі таңда үгіт-насихат жұмыстарына 109,5 миллион теңге жұмсалған.
Қазақстан коммунистік халықтық партиясының өкілі Жамбыл Ахметбековтың қорында 338 миллион теңге бар. Оның 250 миллионы партия мен кандидаттың қаржысы болса, қалған 88 миллионы халықтық көмектен жиналған. Үгіт-насихат жұмыстарына 290 миллион теңге жұмсалған.
«Ауыл» партиясының үміткері Төлеутай Рахымбековтың қорында 108 милион теңге бар. Жиналған қаржының барлығы кандидат пен партияның жеке қаржысы. Осы күнге дейін үгіт-насихат жұмыстарына 77,5 миллион теңге жұмсалған.
Кәсіподақтар федерациясы атынан сайлауға қатысып жатқан Амангелді Таспиховтың сайлау алды үгіт-насихат қорына 101,8 миллион теңге жиналған. Қаржының барлығы халық көмегі. 75,2 миллион теңге агитациялық жұмыстарға жұмсалған.
«Ұлы дала қырандары» қозғалысы атынан сайлауға түсіп жатқан Садыбек Түгелдің қорында 76,1 миллион теңге бар. Оның ішінде 200 мың теңге кандидат пен қор қаржысы. Қалған 75,9 миллион көмектен түскен қаражат. Үгіт-насихат жұмыстарына 76 миллион теңге жұмсалған.
Сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары мамыр айының 12-і күні басталған. Ол маусымның 8-іне дейін жалғасады. Кезектен тыс президент сайлауы маусым айының 9-ы күні болады.