Қазақстан халқының 30 пайызын балалар мен жасөспірімдер құрайды.
«Finprom.kz» сайтының мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 5,4 миллион балалар мен жасөспірімдер бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға, бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 17,3 пайызға жоғары.
8 облыста балалар мен жасөспірімдер саны жалпы халықтың 30 пайызын құрайды. Республика бойынша ең жас облыстар көшін Түркістан және Маңғыстау облыстары бастап тұр. Аталмыш облыстарда 15 жасқа толмаған жасөспірімдер жергілікті халықтың 39,6 және 36,6 пайзын құрайды. Жасөспірімдер санының артуы автоматты түрде тұрғын үй мәселесіне келіп тіреледі. Тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде Қазақстан халқы толықтай тұрғын үймен қамтылды деп айту қиын. 2018 жылдың басындағы статистикалық мәліметтер бойынша, қазақстандықтардың 25 пайызы бір пәтерде бес немесе оданда көп адам болып тұруға мәжбүр. Ал бір пәтерде 4 адам болып тұратындар саны 19 пайызды құраған.
Жалпы, Қазақстанда соңғы уақыттары үйсіз-күйсіз жүрген көп балалы аналар мен жастар проблемасы өзекті болып тұр. Жыл басынан бері елордадан бастап, Алматы, Шымкент сияқты мегаполистерде көп балалы аналар бірнеше мәрте митингке шығып, биліктен баспана мен жәрдемақы мәселесін шешуді талап еткен. Негізінде билік өкілдері биылғы жылды жастар жылы деп жариялаған. Бірақ әзірге жастар мәселесін шешуге байланысты нақты қандай бағдарламалардың қабылданып жатқандығы белгісіз. Жыл басында елордамызда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жастар жылының ашылу салтанатты өткен. Оған бюджеттен 223 миллион теңге жұмсалып, шара мемлекеттік телеарналардан тікелей эфирде көрсетілген.