Қытай су жаңа ұшақ тасымалдаушы кемесін Оңтүстік Қытай теңізіне шығаруы мүмкін. Бұндай болжамды сол елдің теңіз күштерін дамыту қадамдарын бақылап отырған бірқатар елдің сарапшылары ортаға салды.
Сарапшылардың айтуынша, Қытай қыркүйек айына дейін әскери регламентті толықтау үшін «001» деп аталатын жаңадан жасалған ұшақ тасымалдаушы сынақтан өткізбек. Әрі оны алты ел арасындағы территориялық дауға толы Оңтүстік Қытай теңізіне апаруы мүмкін. Ал, АҚШ-тың Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығының мәліметіне қарағанда, Қытай тағы бір ұшақ тасымалдаушы кемесін зерттеп жасап жатыр және оны 2022 жылы теңізге шығарады.
Қытайдың теңіз күштерін дамыту әрекеттерін Сингапур тарабы да қалт жібермей бақылауда. Сингапурдың Халықаралық істер институтының аға ғылыми қызметкері Ху Иишан өзінің VOA ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Қытайдың ұшақ тасымалдаушы кемелерін орналастыру жобасы туралы өз тұспалын айтты. Оның айтуынша, Қытай қазір Шығыс Қытай теңізіне бір ұшақ тасымалдаушы кемесін қойды, енді Оңтүстік Қытай теңізіне ұшақ тасымалдаушы кемесін шығарса, үшіншісі міндетті түрде әлемге шығарады. Яғни, Құрама Штаттың ұшақ тасымалдаушы кемелері секілді мұхиттарды аралап жүріп міндет өтеуі мүмкін. «Мен олар тікелей біреулерге шабуыл жасайды дегенге сенімді емеспін. Бірақ, олар бұл арқылы өздерінің күшін көрсетіп, басымдыққа ие бола алады», – дейді Ху Иишан.
Қытай қазір әлемдегі үшінші орындағы қуатты армиясы бар ел. 3,5 млн шаршы шақырым аумағы бар Оңтүстік Қытай теңізінде Қытай өзінен басқа бес даулы елмен (Бруней, Малайзия, Филиппин, Тайвань және Вьетнам) салыстырғанда әлде қайда қуатты мемлекет. Оның «Ляониң» атты алғашқы ұшақ тасымалдаушы кемесі 2012 жылы теңіз күштеріне берілді. Ол бұрынғы Кеңес одағынан алған әуе тасымалдаушы кемесінің орынын толтырды. Ал, 001 деп аталатын ұшақ тасымалдаушы кемесі 2017 жылы алға рет теңізге шықты, былтыр ресми түрде әскери қызметке араласты.
Былтыр қарашада Қытайдың ресми ақпарат агенттігі «Синхуа», Қытай әскери кеме жасау зауыты үшінші ұрпақ ұшақ тасымалдаушы кемесінің құрылысын бастағанын хабарлаған еді. Қытай ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, үшінші авиаматка алдынғы екеуіне қарағанда әлде қайда үлкен және қуатты болмақ.
Трамп президент болғаннан бері, АҚШ әскери кемелері бұл теңіз алабына жиі сапарлап, Қытайға халықаралық су жолын ортақ пайдалануды ескертіп келеді. Ал, Бейжің билігі АҚШ кемелерінің әрекеті Қытайдың егемендік құқығын бұзу деп қарайды.
АҚШ-тың алып кемелері Қытайдың теңіздегі басымдығына жол бермей келеді. Егер жаңа ұшақ тасымалдаушы кемесі Үнді-Тынық мұхитына шығатын болса, онда бұл Қытайдың осы аймақтағы басымдығын арттырады. Әрі, өңірдегі шағын елдердің егемендігі үшін тың қауіптен дерек береді.