Мьянма билігі «мемлекеттік құпия туралы заң бұзды» деп 7 жылға бас бостандығынан айырылған Reuters агенттігінің екі журналисі Ва Лон мен Сое Ооны қамаудан босатты. Мьянма президенті Вин Мьин екі тілшіге рақымшылық жасады.
2017 жылы желтоқсанда Мьянманың ақпарат министрлігі Facebook-тегі парақшасында екі журналиске британдық колониалдық дәуірінен бері бар мемлекеттік құпия жөніндегі заңға сәйкес айыпталып жатқанын мәлімдеген. 1923 жылдан бері қолданыстағы заңда 14 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған. «Журналистер шетелдік БАҚ-қа тарату үшін ақпаратты заңсыз алды» деген айыппен екі тілші Мьянманың басты қаласы Рангунда ұсталған.
Тілшілер қамауға алынғаннан кейін шетелдік БАҚ Мьянма билігінің әділетсіздігін жарыса жазды. «Reuters» агенттігінің бас редакторы Стивен Адлер: «Соттың шешімі сол ел билігінің қандай әділетсіз және еркіндігі жоқ екендігін көрсетті. Бұл қаулы кезекті әділетсіздіктің айқын дәлелі. Репортаж жасау ешқашан да қылмыс жасады дегенді білдірмейді. Мьянма билігі шындық іздеген тілшілердің көзін жойғысы келеді», – деп мәлімдеген. Биыл қаңтарда «Reuters» тілшілері апелляицялық шағым түсіргенмен, Мьянма соты қараудан бас тартқан болатын. Бұған қатысты Мьянмадағы ЕО елшісі Кристин Шмидт: «Мьянма сотының бұл әрекеті дұрыс емес. Апелляцияны қабылдап, журналистерді босату арқылы өз қателіктерін мойындауы тиіс еді. Ал бұлар, керісінше, Мьянмада сөз бостандығы жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді», – деп сынға алған болатын. Сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттереш билік өкілдерінен үкімді дереу арада қайта қарауды талап етіп, Мьянма билігіне ескерту жасаған болатын. «Human rights watch» ұйымының өкілі Фил Робертсон Мьянма сотының бұл шешімін барлық тілшілерге қатаң белгі ретінде қарау керектігін айтты. Бірақ, заңы жоқ елде тілшілердің құқығын таптатып отырмайтынынын, АҚШ билігі қолдан келгенше шешімді өзгертетінін айтқан.
Ва Лон мен Сое Оо – Мьянмадағы рохинджа мұсылмандарына қатысты зорлық-зомбылықты зерттеумен айналысқан «Reutеrs» агенттігінің тілшілері. Олар Ракхайн штатындағы жантүршігерлік жағдай мен рохинджа мұсылмандары көрген қорлық туралы материалдар жариялап келген. Сондай-ақ биліктегі әділетсіздіктерді ашық айтып, зерттеген. 2018 жылы қыркүйекте Мьянма соты қос тілшіге рохинджа мұсылмандары туралы материалдармен жұмыс істеу кезінде мемлекеттік құпия туралы заңды бұзды деп, 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Биыл америкалық «Time» журналы қос тілшіні «Жыл адамы» атағына лайықты деп таныды. Бостандыққа шыққан Ва Лон мен Сое Оо халықаралық ақпарат агенттіктеріне журналистік қызметтерін жалғастыра беретінін айтты.