Ресей президенті Владимир Путин мен Ким Жоң Унның кездесуі Солтүстік Корея экономикалық және саяси қысымдар астында, қиын қалде тұрған кезге тұспа-тұс келіп отыр. Әрі, Вьетнамда өткен екінші «Трамп-Ким» саммиті сәтсіз аяқталғаннан кейін Солтүстік Корея басшысының алғаш рет ресми сапар жасауы. Бұған дейін Ким мен Путин арасында кездесу болған емес.
Қиыр-Шығыс Федералдық Университетінде өткен кездесуде РФ президенті Путин: «Екі Корея арасындағы диалогты жандандыруға және Солтүстік Корея мен АҚШ арасындағы мәмілені жөнге салудағы жасаған әрекетіңізді біз қолдаймыз», – деп ілтипат танытты. Ким де өз сөзінде: «Құрметті президент мырза, біздің бұл кездесуіміз КХДР мен РФ арасында дәстүрге айналған, терең тамыр тартқан достықты одан ары дамытуға оң әсерін береді деп үміттенемін», – деді.
Путиннің баспасөз өкілі Дмитрий Песков мәлімдемесінде, екі ел басшысы жеке кеңес өткізіп, кейін кеңейтілген кездесу жасаған. Кездесуде екі ел қатынасын дамыту, Корей түбегін ядролық қарусыздандыру және аймақтық қызметтестік тақырыптары сөз болған.
Ресейге әкесі Ким Жоң Ил (орысша – Ким Чен Ыр) секілді саутты пойызбен келген Ким Жоң Ун, бұл сапары арқылы АҚШ-тың қысымына қарсы тұра алатынын көрсеткісі келеді деп қарайды австралиялық саяси сарапшылар. Жон Кертин атындағы университеттің профессоры Алексей Муравьев BBC-ге берген сұхбатында: «Егер Солтүстік Корея ірі державалардың бірінің қолдауына ие болғанын көрсете алса, бұл оның АҚШ немесе Қытаймен сөйлесудегі көзірі бола алады», – деген пікірін айтқан.
Оның айтуынша, Ким Жоң Ун елдің экономикалық мүддесі және режимнің тағдыры бәске тігілген ойынды аса шеберлікпен жүргізіп келеді. Жыл басынан бері Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы ресми алмасулар жиілей түсті. Қытаймен де барыс келіс көбейді. Солтүстік Корея Ресеймен экономикалық байланысты жақсарту туралы және екі ел шекарасындағы Туман дариясына көпір салу туралы бірқатар жобаларды да ұсынған. Путин мен Ким арасындағы кездесуде де темір жол құрылысы, газ құбыры жобасы туралы келісімге келуі мүмкін деген болжамдар да бар.
Дегенмен, екі ел бірлескен жобаларда адам құқығының ауыр дәрежеде тапталып жатқаны туралы бірер жыл бұрын әлем ақпарат құралдары хабарлаған болатын. Солтүстік Корея арзан жұмыс күшін шетелдерге шығарады. Алайда, жұмыскерлер мардымсыз жалақы алады немесе тегін жұмыс істейді. Ал, олардың істеген құрылыс нысандар, ірі жобалардың еңбек ақысы Ким әулетінің қалтасын толтырады.