Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елдегі бейбітшілік процесін басқару үшін үкіметтік шенеуніктерден, оппозиция өкілдерінен және азаматтық өкілдерден тұратын жаңа басшылық кеңесін жасақтап шықты. Бұл кеңес келіссөз өкілдерін іріктеп, үкіметке қарсы Талибан қарулы тобымен келіссөз жүргізуге дайындалуда.
Бұл жаңа кеңестің толық аты – Ынтымақтастық Көшбасшылық Кеңесі. Кеше Ашраф Ғани осы кеңестің алғашқы отырысына қатысып, бұл құрылған кеңестің Ауғанстандағы қанды қасапты тоқтатуға ықпал ететініне сенімді екенін айтты.
Құрама Штаттар тарабы Ауғанстандағы 18 жылдық соғысын ақырластыру үшін былтыр күзден бастап тәліптермен келіссөз жүргізе бастаған еді. Осының алдында Трамп Ауғанстанға және Оңтүстік Азияға қаратқан жаңа стратегиясын жариялаған. АҚШ тарабы да Ауғанстанда бейбітшілік процесін жүзеге асыру үшін тәліптермен келіссөз жүргізу керектігін қуаттап отыр. Алайда, Құрама Штат тәліптермен келіссөзде АҚШ пен НАТО күштерінен кейін елді террорлық топтардың мекеніне айналдырмаудың кепілдігін сұрап отыр.
АҚШ пен Талибан арасындағы келіссөзді Құрама Штаттың Ауғанстандағы арнайы өкілі Хализадтың жүргізіп жатқаны белгілі. Наурыз айының бас шеніндегі келіссөз кездесуінен кейін тараптар Ауғанстаннан шетел әскерлерін шығару туралы алғашқы келісімдерге келе алғанын хабарлаған еді.
Жаңадан құрылған Ынтымақтастық көшбасшылық кеңесінің өкілі жасаған мәлімдемеде, кеңестің көз алдағы міндеті бір апта ішінде келіссөз өкілдерін іріктеп, делегация құрамын құру. Бұл делегация осы айдың ішінде Катарда өтетін «Ауғанстан Ислам Республикасы мен Талибан күштері арасындағы келіссөзге» қатысады.