Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Жээнбековты билікке әкелгені үшін кешірім сұрады. Бұл туралы экс-президент Бішкекте өткен Ақсы оқиғасында құрбан болғандарды еске алу шарасында айтты.

“Өмір бойы отбасылық авторитарлық режиммен күресіп жүріп, ішін көрмей, сыртын ғана көріп, осындай адамды билікке алып келгенім үшін кешірім сұраймын” деді ол.

Атамбаев қазіргі билікті "отбасымен басқару жолына түсті" деп айыптап, одан бас тартуға шақырған. Экс-президент билік бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің ізін қайталап, өзін сынаған азаматтарды қудалап жатыр деп айтқан.

Алайда, дәл осы күні Ақсы ауданындағы еске алу шарасында сөз сөйлеген Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков "биліктегі тамыр-таныстықпен күрескен азамат ретінде" ешқашан "отбасымен басқару жүйесіне" жол бермейтінін айтып, өзіне дейінгілерді сынаған.

"Бір кездері мемлекетті қылмыстық топ басқарған кездер болды. Оған қоғамның өзі де көз жеткізіп келеді. Біз халықтың арман-мұратын жақсы білеміз. Халық бекерден-бекер "Тура биде туған жоқ, турасыз биде иман жоқ" деп айтпаған. Менен бастап биліктің үш тармағы мұны ұмытпауы керек. Отбасылық кланмен күрескендердің алдыңғы қатарында болған азамат ретінде айтарым, ешқашан отбасымен басқаруға жол бермеймін" деді ол.

Сондай-ақ, желтоқсатнның онында өткізген баспасөз мәслихатында Сооронбай Жээнбеков қазіргі азаматтық қоғамда отбасылық-кландық басқару жүйесіне жол бермейтінін айтқан еді.

Айта кетейік, Сооронбай Жээнбеков 2017 жылы президент сайлауында сайлаушылардың 54 пайызын жинап, жеңіске жеткен. Оны президенттікке Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы ұсынған. Сол кезде президент болып тұрған Алмазбек Атамбаев оны ерекше қолдаған.

"The Qazaq Times"