13 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті жыл сайынғы әлем елдеріндегі адам құқықтарының жағдайын зерттеген есебін жариялайды.
Мемлекеттік департаменттің есебінде "Қазақстанда саяси қудалау, цензура, сайттарды бұғаттау, діни қудалау, бейбіт митинг ұйымдастыруға тыйым, кәсіподақтар жұмысын шектеу, жемқорлық сынды адам құқықтарын шектейтін мәселелер бар" деп жазылған.
Департаменттің пайымдауынша, "Қазақстанда президент әкімшілігі үкіметті, заң шығару және сот органдарын, аймақтық және жергілікті билікті бақылауында ұстап отыр. Ел конституциясын өзгерту үшін президенттің келісімі керек".
Мемлекеттік департамент Қазақстанды елдегі сайлауларда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ережелерін сақтамайды деп сынады.
"2015 жылы президент сайлауында Назарбаев 98 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Бірақ сайлау заңдары бұзылып, шынайы бәсеке болмады. 2017 жылы маусымда сенаттағы 16 орынға сайлау өтті. Бұл сайлауды жергілікті әкімдік өкілдері қатаң бақылап, президент әкімшілігінің нұсқаулығымен ұйымдастырды" деп жазылған құжатта.
Мемлекет департамент есебінде Қазақстан қызметін асыра пайдаланған, пара алған шенеуніктерді таңдап жазалайтын атап көрсеткен.
"Қазақстанда жемқорлық мәселесі әлі өзекті. Билікте, үкіметте, құқық қорғау органдарында басшылық қызметте отырғандар жемқорлық ісіне келгенде жазасыз кетеді" деп жазылған есепте.
Мемлекеттік департаменттің есебі 46-шы рет жарияланды. АҚШ мемлекеттік департаменті бұған дейінгі есептерінде де Қазақстандағы адам құқығы жайын сынаған. Қазақстан билігі ол кезде мемлекеттік департамент есебіне қатысты ресми пікір білдірмеген.