АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Кремль саясатын айыптайтын төрт құжатты қабылдады. Конгрессмендер Ресей президенті Путин билігіне Борис Немцовтың өлімі үшін жауапкершілікті жүктеді, сондай-ақ АҚШ үкіметіне заң жүзінде Қырымды Ресей жері деп тануға тыйым салды.
Бірінші қарар – Борис Немцовтың өліміне кінәлілерді жауапқа тартуға және осы істі әділ зерттеуге бағытталған.
Құжат №1: «Оппозиционерді қудалау және қылмыскерді жасыру»
Ресми қарарда: «Өкілдер палатасы Владимир Путинді және оның режимін өзінің саяси қарсыластарын қудалап, Ресейдегі демократия мен адам құқықтарының игілігі үшін жұмыс істеген Борис Немцовты өлтірген қылмыскерді жасырғаны үшін айыптайды», – делінген.
Немцов 2015 жылдың 27 ақпанында Кремльден бірнеше жүз метрде орналасқан Москворецк көпірінде қаза тапты. Оған белгісіз біреу бірнеше рет тапаншамен оқ жаудырған. Қылмыскер ретінде шешенстандық бес азамат кінәлі деп танылып, 11-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Алайда, кісі өлтіруге тапсырыс беруші мен ұйымдастырушылар әлі күнге дейін табылмады.
Құжат АҚШ үкіметін Немцовты өлтіру туралы мәселені көтеруге және Ресей билігіне адам өлтіруге тапсырыс берушілерді жауапкершілікке тартуға шақырады. Қарарды сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ) «Немцовтың өліміне қатысты ресейлік тергеуді қадағалау» жөніндегі Парламенттік Ассамблея тексереді. Құжатта аталып өткендей, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы мен Қаржы министрлігінің басшысы қылмысқа қатысы бар адамдар тобын анықтап, олардың АҚШ-тағы активтерін тоқтатып, елге кіруіне тыйым салуы және «Магнит тізіміне» енгізуі тиіс.
Бірінші қарар Немцовтың өлімінен бөлек, АҚШ Мемлекеттік хатшысын Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың және ол бақылайтын адамдардың халықаралық іскерлік белсенділігін тергеуге бағытталған. Мемлекеттік департамент Қадыровтың шетелде, атап айтқанда, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінде бизнесінің бар-жоғын және Шешен Республикасының басшысына салынған санкциялардың сақталуын анықтауды тапсырды.
Аталған құжатты дайындаған Өкілдер палатасының халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Элиот Энгел: «Борис Немцов батыл журналистер мен құқық қорғаушылар тізіміне қосылды» – деп мәлімдеді. Өз сөзінде ол: «Немцов қайтыс болған күннен бері төрт жыл өтті, бірақ оның ісіне тиісті тергеу болған жоқ. Ал кінәлілердің жауапкершілікке тартылмағаны өте өкінішті. Бұл қарар Кремльдің саяси қарсыластарына деген шабуылын айыптайды және әкімшілікті Немцовты өлтіруге жауапты адамдарға қатысты санкциялар енгізуге шақырады», – деді.
Конгресс мүшесі Адам Кинзингер: «Немцов қаза болмай тұрып, 2018 жылы президент болуға ұмтылды. Путиндік режимді құлатып, адам құқықтарына негізделген мемлекет жасамақшы болды. Бізде әлі де ол неліктен қаза тапты деген сұраққа жауап жоқ», – деді.
Ал конгрессмен-демократ Том Малиновскийдің айтуынша, «Немцовтың өлімі Ресейдің бүкіл әлем бойынша жауларын таба алатын арнайы агенттері бар екенін, бірақ өз елінде оппозиционерді өлтірушілерді еркін жіберетінін көрсетті. Халқы үшін әділетсіз жүйеге қарсы шыққан адамдар зардап шегетін мемлекет құрғаны үшін В.Путин жауапты».
Ресей үкіметі Кремльдің Борис Немцовтың өліміне қатысы бар деген айыптауларды қабылдамайтынын жектізді. «Бұл қылмыс тергелуі тиіс, ал кінәлілер жазаланды», – деп мәлімдеді Путин.
Құжат №2
Екінші құжат – «Қырым аннексиясын мойындамау туралы заң». Бұл құжат АҚШ мемлекеттік органдарына Қырымды Ресейдің жері ретінде мойындауға және осы бағытта қандай да бір көмек көрсетуге тыйым салады. «Екінші қарардың мақсаты – Ресей Федерациясының Қырымда, оның әуе кеңістігінде немесе оның аумақтық суларына басшылық етуін мойындамау» – делінген құжатта.
Қарады ұсынған конгрессмен Энгель: «Біз Путин саясатының демократиялық институттарға, соның ішінде Америка институттарға шабуыл жасағанын көрдік. АҚШ Путиннің басқа елдердің аумағын күшпен алуға деген талпынысын қабылдамауы тиіс», – деді. Сонымен қатар, Энгель сөзінде Кершен бұғазында болған жағдай мен 24 украин теңізшілерінің қамағу алынғанын да тілге тиек етті.
Ал демократ Джеральд Конноли Қырымның аннексиясы халықаралық қауіпсіздікті бұзады деп мәлімдеді. «Келесі кім? Молдова? Грузия? Балтық бойы елдері? Ресейдің Қырымды аннексиялауы украин дағдарысын тудырып, ондаған мың адамныа өмірін қиды», – деді.
Конгрессмендердің екі құжаты да көпшілік дауыспен қолдауға ие болды және талқылау кезінде балама көзқарас білдірген немесе бастаманы сынаған бірде-бір парламентарий табылған жоқ.
Құжат №3
Палата қабылдаған үшінші заң жобасы – «Владимир Путинге қатысты транспаренттілік туралы». Құжатты Мәскеудің АҚШ-тағы сайлауға араласуына тосқауыл болу мақсатында Конгресс мүшелері Элис Стефаник және Вальдес Демингс дайындады. Құжатқа сәйкес, американдық барлау Владимир Путин мен оның активтері туралы деректерді жинай алады. Палата мүшелері АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы мен қаржы министрімен бірлесіп Ресей президентінің қаржылық жағдайы туралы баяндама дайындауды міндеттеді. Олар өз жұмысының қорытындысын 180 күн ішінде ұсынуы тиіс. Құжат Путиннің активтері туралы, оның ішінде өз активтерін жасыру үшін пайдаланып келген компаниялар туралы деректерді қамтуы тиіс.
Ресей бағыты және одақтастар
Жоғарыда аталған құжаттардан бөлек, тағы да бір заң жобасы бар. «Kremlin Act» аталатын жобаны демократ Раджа Кришнамурти ұсынған. Құжат АҚШ-тың Ұлттық барлауынан үш баяндама дайындауды талап етеді, онда Ресейдің саяси көзқарасын анықтау және кибершабуылдан төнетін қауіптің алдын алу жолдары қарастырылады. Құжаттар АҚШ және НАТО сынды алпауыт одақтастар үшін Ресей тарапынан төнетін қатерлерді бағалауы тиіс. Осыған дейін, яғни 14 ақпанда НАТО елдерінің қорғаныс министрлері Ресейден төнетін қауіп-қатерді талқылаған болатын. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Брюссельде өткен жиын барысында Ресейдің орта және қысқа қашықтыққа арналған зымырандар туралы келісімнен шыққаннан кейін әлемге төнетін зиян жақтары және өзге де мәселелер талқыланған. Бұған қатысты НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің осы уақытқа дейін келісімге қайшы әрекеттер жасап, халықаралық заңды бұзғанын айтты. Сондай-ақ, зымыран келісімі өз күшін жойғаннан кейін, өзге мемлекеттерге қауіп төнеді. Осы мәселені шешу мақсатында алдағы уақытта жаңа келісім жобасы қарастырылмақ.
Ресми Кремль де бұл бастамаларға түсініктеме берді. «Ең алдымен,бұл АҚШ-тың Ресейден қорқатындығын білдіреді және біз әдеттегідей ирония ретінде қараймыз», – деп мәлімдеді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Песковтың пікірінше, Мәскеу сыңаржақ әңгімелерге құлақ аспайды. Дегенмен, Қырым аннексиясынан басталып, «троль факбрикасы» хакерлері мен Кершен бұғазындағы жағдайға ұласқан даудың әлі де ұзаққа созылатын түрі бар.