Барған сайын арта түскен Қытайдың саяси, экономикалық ықпалына ең алдымен Орталық Азия елдері тап болды. Себебі, Қытайдың шығыс және оңтүстік-шығысындағы мемлекеттердің экономикалық салмағы пост-кеңестік Орта Азия елдерімен салыстырғанда басым болды. Жапония, Корея, Тайвань, Индонезия, Малайзия, Филиппин, Тайланд, Вьетнам, Сингапур қатарлы елдер Қытай ықпалының шығысқа және оңтүстік шығыс, оңтүстік бағытта ұлғайуына табиғи бөгет ретінде рөл атқарды. Сондай-ақ, Оңтүстік Шығыс Азия елдерін Қытай ықпалына қарсы АҚШ пен Аустралия (Австралия) қолдау көрсетті. Бұл табиғи түрде Қытайдың шығыстағы жолын тосып, ықпалының батысқа қарай бет алуына итермеледі.
Ал, қазір Қытай ықпалы Орталық Азия елдерінен кейін пост-кеңестік елдерге қарай дамыуда. Батыс сарапшылары бұрынғы кеңестік республикалардың орта және бастауыш мектептерінде қытай тілі орыс тілімен бәсекелесе бастағанын айтады. Айталық, Грузия Білім министрлігі осы аптада жаңа оқу маусымынан бастап Грузияның орта-бастауыш мектептерінде қытай тілі міндетті екінші шет тілі ретінде өтілетінін мәлімдеді. Қазірге дейін Грузияда ағылшын тілі бірінші шет тілі ретінде, бастауыш 1 сыныптан бастап өтіліп келсе, орыс тілі екінші шет тілі және талдау пәні ретінде 5 сыныптан бастап өтіліп келген. Кейбір мектептерде орыс тілінен кейін итальян, француз және неміс тілдерін үйретеді.
Грузиядағы орыс-қытай тілінің бәсекесі және Қытай қолдауы
Бұған дейін Грузияда, өзге пост-кеңестік республикаларға ұқсас, ата-аналар екінші шет тіліне еуропалық тілдердің бірін таңдау басым болған. Алайда, соңғы жылдары қытай тілін таңдап оқыту үрдіске айналып бара жатқанын жергілікті БАҚ айтып отыр. Грузия ақпарат құралдарының айтуынша қазір екінші шет тілі ретінде орыс-қытай тілдері арасындағы бәсеке кезеңі басталған.
Грузия Білім министрлігінің ресми мәлімдемесінде, қытай тілінің міндетті екінші шет тілі пәні ретінде енуі көптеген ата-аналардың талабына сай жасалғанын, бұл орыс тілін шектеу дегенді білдірмейтінін алға тартқан. Жақында Грузия білім министрі Михаил Батиашвили мен Қытайдың Грузиядағы бас елшісімен меморандумға қол қойды. Онда Грузияда қытай тілін оқыту және дамыту үшін Қытай тарабы Грузия Білім министрлігіне көмек беретіні, айталық, Грузия үшін қытай тілі мұғалімдерін дайындап беретінін туралы келісімдер бар.
Онсыз да Қытай үкіметі әлем елдеріне тараған Конфуций орталықтары арқылы қытай тілі мен мәдениетін насихаттауға жылына қыруар қаржы жұмсайды. Оңтүстік, Оңтүстік Шығыс, Орталық Азия, Кавказ, Шығыс Еуропаны былай қойғанда, Батыс Еуропа мен Америкада да бұл орталықтар жүйелі түрде жұмыс жасап келеді.
Трамп АҚШ билігіне келгеннен кейін, Орталық барлау агенттігінің сол кездегі жетекшісі Майк Помпео (қазіргі мемлекеттік хатшы) Қытай үкіметі қаржыландырған Конфуций орталықтарынан АҚШ-тың ұлтты мүдделеріне белгілі дәрежеде қатер төнгенін мәлімдеген. Сонымен бірге, бұл орталықтармен келісімдерді қайта қарау және бірқатар штаттардағы Конфуций орталықтарын жабатынын мәлімдеген.
Орта Азиядан алқып шыққан Қытай ықпалы
Орталық Азия Қытайдың энергия тасымалдау жобасындағы маңызды аймақ. Ал, қазіргі кезде «Қытай тәбеті» Орталық Азиядан Каспий теңізінің арғы жағасына қарай кеңейді. Оған осы аумақтағы энергетика қайнарлары бірінші себеп болатыны сөзсіз. Бұдан соң Қытай тауарларының Батыстың алып базарына қарай өтетін маңызды желісі.
Грузиялық саясаттанушылардың айтуынша, Қытай тауарлары қазір Орталық Азияны басып, Каспий теңізінен асып, Қара теңіздегі Грузияның портына жетеді. Немесе Грузия арқылы Түркияға, содан ары қарай Еуропаға кетеді. Бұл Қытайдың Грузияға, яғни Кавказдың оңтүстігіне деген қызығушылығын арттыра түсті. Соған ілесе Қытайдың жергілікті жердегі ықпалы да кеңеймек.
Әрине, Қытай Грузияға егемендік пен аумақтық тұтастығын қорғау сынды кепілдіктерді де беріп отыр. Ресей-Қытай арасындағы ұстанымдар мен көзқарастар, қарым-қатынастар да Грузияға болған Қытай ықпалына әсер етпейтіні көріне бастады. Оның үстіне Грузия Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасына қолдау білдірген елдердің бірі. Қытайдан шыққан тасымал пойызының Орталық Азия мен Каспийден өтіп Грузияға жету сынды жобасы жүзеге асып та үлгерді.
Грузия шағын ел болғанымен, тұтас Кавказ өңірі жөнінен өзіндік рөлі бар. Былтыр ғана Қытай мен Грузия көлемді сауда келісіміне қол қойды. Орталық Азия елдеріне қарағанда Грузиядағы Ресей ықпалы барған сайын әлсіреп келеді. Оның үстіне Тбилиси Украинаға ұқсас Ресейді агрессор ретінде сынап келеді және территориялық жан-жалы да толық бітпеген. 2008 жылғы қақтығыстан кейін екі ел арасында дипломатиялық дағдарыс орнады. Жақында Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты шешім шығарып, Ресейден 2006 жылы Ресейден шығарылған 1500 грузин азаматы үшін 10 млн еуро төлем төлеуді талап етті.
Грузиядағы 2004 жылғы жаппай демонстрация арқылы орнаған биліктен кейін елде саяси реформалар жасалды. Әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нәтижелі күрес жүргізілді. Нәтижесінде Грузияның кеден және полиция саласы ең адал мемлекеттік органдарға айналған. Алайда, Саакашвилидің Батысқа басымдық беруі Ресеймен қарым-қатынасын алыстатты. Қазір Грузия Құрама Штаттың маңызды одақтасы және Украинаға ұқсас НАТО-ға мүше болуға талпынуда. Бұның өзі басымдықтағы Ресей ықпалын әлсіретіп, өңірде Қытай ықпалының жаңа қырынан пайда болуына мүмкіндік беріп отыр.