"Тәжікстан билігі шекарадағы жағдайды толық бақылауында ұстап отыр, қазір сырт жақтан ешқандай қауіп жоқ", - деп мәлімдеді елдің сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин Душанбеде өткізген арнайы баспасөз мәслихаты кезінде.
Тәжік-ауған шекарасында содырлар жиналып жатыр деген мәліметке қатысты, Тәжікстанның сыртқы істер министрі шекара қорғанысы мықты, әскерлер жеткілікті деңгейде қорғап тұр деп жауап берді.
Ол сонымен бірге шекарадағы жағдай бірқалыпты екенін, "Талибан" қозғалысының өкілдері содырларын жіберіп жатыр деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты. "Біз Ауғанстан билігімен тығыз қарым-қатынастамыз. Ауғанстанмен шекаралас аймақ тұрақты. Ауғанстан солтүстігінде ондаған террористік топ бар, бірақ біздің аймақтың қорғаны жеткілікті деңдейде", - деді Сироджиддин Мухриддин.
Осының алдында Ресейдің бірқатар жоғары лауазымды тұлғалары Таяу Шығыстан террористер белсенді түрде Ауғанстанға көшіп жатыр деп мәлімдеп, Тәжікстан үшін қауіпті деп ескерткен. Ресей ІІМ орынбасарының бірі "Ислам мемлекеті" ИМ тікұшақтарымен содырларын Пәкістаннан Тәжікстан шекарасына жаппай жеткізіп жатыр деген. Бірақ бұл мәлімдемені кейін Ресей билігінің өзі теріске шығарды.