Астана қаласында жүзге жуық көп балалы ана билік өкілдеріне арыз-шағымдарын айтты.
«Астана» концерт залында қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевпен кездескен аналар бес баласы өрттен көз жұмған отбасының жағдайы өз бастарында да бар екендігін мәлімдеді. Олар баспана мен балаларға төленетін жәрдемақы мәселелерін қозғады.
Бұдан бөлек жиын белсенді топ өкілдері президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған ашық хатты оқыды. Онда көп балалы аналар биліктен «Қазақстанда әрбір балаға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек, бала кәмелет жасына жеткенше ең төменгі күнкөріс минимумы көлемінде, ал кішкентай баламен отырған аналарға ең төменгі еңбекақы көлемінде жәрдемақы төленсін» деген талаптар қойған және «үш баласы бар отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді, ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларға тегін баспана беруді» талап еткен. Хат авторлары билік өкілдеріне қойған талаптарының қаралуына жеті күн уақыт берген.
Аналар мәселесін тыңдаған қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қойылған талап-тілектердің барлығы «заң жүзінде қарастырылатынын» мәлімдеді.
Ақпан айының 3-інен 4-іне қараған түні Астана қаласының Көктал-1 ықшам ауданында жеке тұрғын үй өртеніп, салдарынан бір отбасының бес бірдей бүлдіршіні көз жұмған. Кейіннен бұл оқиға халық арасында қызу талқыланып, журналистер мен азаматтық белсенділер әлеуметтік желілерде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап еткен.