Қаңтар айының орта шенінде (11-13 қаңтар аралығында) Еуроодақ делегациясының бірі Қытайдың Шынжаң жеріне баруға өте сирек мүмкіндікке ие болды. Аталған делегация Шынжаңдағы адам құқығының хал-ахуалы туралы мәлімет жинау үшін үш күндік сапарда болған.

Agence France-Presse агенттігінің хабарлауынша, не бары үш адамнан тұратын аталған делегациясы Қытай Орталық үкіметі мен Шынжаңның жергілікті үкіметінің «қолдауында» (бақылауында деуге де болады-QT) Шынжаңның орталық қаласы Үрімжі мен Оңтүстік Шынжаңдағы Қашқар қаласына барған. Қытай билігі Шынжаң жеріндегі «Үйрену лагеріне» (Қытай үкіметі бұл лагерлерді «Кәсіптік білім беру және тәрбиелеу орталығы» деп атайды) байланысты айыптаулар мен сын-пікірлерден кейін бұл делегацияның Шынжаңға кіруіне рұқсат берген.

Сапар кезінде аталған делегация мүшелері мешіттерге, исламдық оқу орындарына және «Үйрену лагерлеріне» барған. Agence France-Presse агенттігіне пікір берген делегация мүшесінің бірі: «Қытай билігі ЕО делегациясының кезекті Шынжаң сапарын алдын-ала мұқият жоспарлап, жағдайды мүлде басқаша көрсетуге тырысты», – деген ойын айтқан. Оның айтуынша, делегация барған оқу орны жап-жаңа, тіпті қауіпсіздік бақылау камералары да жоқ, сондай-ақ, делегация құрамына пікірлескен адамдардың сөздері бәрі дерлік жаттанды, жазбаша мәтінге негізделген сөздерді пайдаланған.

Көптеген ақпарат құралдары мен әртүрлі ұйымдар аталған «үйрену лагерлері» Қытай билігінің Шынжаңдағы мұсылман азшылық өкілдерін жаппай қамап ұстайтын орын деп айыптайды. Сол арқылы Шыңжаңдағы жергілікті қазақ, ұйғыр, қырғыз, өзбек сынды аз санды ұлттардың азаматтық, заңдық, адамдық құқықтарын ауыр дәрежеде таптап отырғаны туралы көптеп айтылуда. Алайда, Қытай билігі болса бұл істі экстремизмге қарсы күрес тәжірибесі деп ақталғысы келеді.  

«Біз барған орындар Қытай Орталық үкіметінің лагерлер туралы мәлімдемесін қолдау үшін арнайы іріктеліп, дайындалғанымен, бұл сапарымыз басқа да қажетті мәліметтер алуымызға мүмкіндік берді және қосымша ақпарат көздеріне қоса алды. Бұл дерек көздер бізге Шынжаңдағы адамдық құқықтың ауыр дәрежеде әрі жүйелі түрде бұзылып отырғанын растайтын сенімді әрі дәйекті мәліметтерді бере алды», – дейді ЕО делегациясының мүшесі Agence France-Presse-ке.

Естеріңізде болса, өткен айда Қытай билігі 12 елдің дипломаттары мен шағын БАҚ өкілдер тобын Шынжаңды аралауға ұйымдастырды. Дегенмен, бұл делегация ішінде Батыс елдерінің дипломаттары мен БАҚ өкілдері қатыстырылмады. БҰҰ-ның Адамдық құқық жөніндегі бюросы «Үйрену лагерлері» туралы тексеру тобын Шынжаңға кіргізуді талап етеді. Алайда, Бейжің билігі Халықаралық қауымдастыққа Қытайдың ішкі саясатына араласпау негізінде делегациясын Шынжаңға жіберу талабын қойып отыр.

“The Qazaq Times”