Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұл Қазақстан Республикасының Ата заңы - Конституциямен белгіленген ана тіліміздің мәртебесі. Қазақ елі өзінің ана тілін ең биік дәрежеде көргісі келетіні айқын. Осы ретте Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тілдің мәртебесін лайықты деңгейге көтеру, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау және әскери қызметшілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындайды.

Осыған орай 2017 жылдың 21 ақпан күні  Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5547 әскери бөлімінде офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге мемлекеттік тілді деңгейлік оқытудың басым бағыттарын түсіндіру мақсатында «21 ақпан – Халықаралық Ана тілі күні» қарсаңында Қызылорда облыстық Ішкі саясат басқармасы Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Ә.Бахытованың, Ә. Ахметованың қатысуымен «Ана тілім - айбыным» тақырыбында ашық сабақ өткізілді.

Ашық сабақ екі топқа бөлінген әскери қызметшілердің қатысуымен сайыс түрінде өткізілді. Сайыс барысында топтарға бөлінген әскери қызметшілер қазақ тілінің грамматикасын білу бойынша жарысқа түсті. Сондай-ақ ашық сабақ барысында тыңдалым бөлігі бойынша аудиомәтінге сәйкес тест тапсырмалары орындалды.

Сайыс соңында топтарға «Құнанбай» атты қысқаша фильмі көрсетіліп, сайыскерлерге ондағы бейнеленген қазақ елінің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы  қысқаша шығармалар жазу міндеттелді.

Ашық  сабақты  өткізуге 5547 әскери бөлімінің мемлекеттік тіл сыныбы  арнайы көрнекіліктермен жабдықталып, электронды экран арқылы әскери қызметшілерге слайдтар көрсетілді.

«Ашық  сабақтан әскери қызметшілер, яғни сайыскерлер өте жақсы әсер алды. Сабақтың қызықты өткені сонша, тіпті сайыскерлер оқушылар секілді тапсырмаларды бұлжытпай орындап, қазақ тілін биік деңгейде білетіндіктерін дәлелдеп жатты. Мен бұған дән риза болдым! Бұндай іс-шаралар алдағы уақытта әлі де жалғасын табатын болады. Мемлекеттік тіл – бұл елдігіміздің айбары. Тіл бар жерде ғана ел, ұлт, мемлекет болады. Елбасымыз Н. Назарбаевтың да үнемі мемлекеттік тілге зор көңіл бөліп жүргені осының айғағы!» - деді ашық сабақты ұйымдастырушы, осы бөлімнің мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі маманы  қатардағы Рәзия Мұхамеджанова.

Қызықты да әсерлі өткен ашық сабақ қорытындысы бойынша озық шыққан  жеңімпаздар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл туралы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қоғаммен байланыс жөніндегі офицері Айдос Байшағыров хабарлады.

“The Qazaq Times”