Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев ГФР канцлері Ангела Меркельмен келіссөз жүргізді. Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық әріптестік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді деп хабарлады өзбек президентінің баспасөз қызметі.
Шавкат Мирзиеевтің мәлімдеуінше, Өзбекстан Германияны экономикалық мүмкіндігі мол, инвестиция және технология салаларында басты әріптесі болатын әлемдік держава ретінде қабылдайды.
Тараптар екі ел арасындағы 700 млн евродан асқан сауда айналымының дамуын атап өтіп, 1 млрд евроға дейін жеткізуді жоспарлады.
Өзбекстанда қазір Германия инвесторларының қатысуымен 132 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың ішінде 33 кәсіпорын жүз пайыз неміс капиталымен ашылған. Өзбекстан ұлттық банкі 57 неміс банкімен байланыс орнатқан. Ташкентте "Дойче-банка" бөлімі жұмыс істейді.
Кездесуде адам құқықтарын, қоршаған ортаны қорғау мәселелері сөз болды. Мирзиеев ГФР үкіметін Арал теңізін апаттан аман алып қалуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, Берлинді Арал траст қорының қызметіне белсенді түрде қатысуға шақырды.
Жүздесуде білім және ғылым, мәдени байланыстарды арттыру, туристік айырбастарды кеңейту қажеттігі айтылды.
"Өзбекстанда сегіз мыңнан астам этникалық неміс тұратыны, оларға ұлттық мәдениет пен дәстүрді сақтауға барлық жағдай жасалғаны атап өтілді. Елде 400 мыңнан астам оқушы неміс тілін оқиды. Жақында Ташкент, Самарқанд және Бұхара мектептеріне немістің ұлы ғалымдары мен ойшылдарының есімдері берілген", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мирзиеевтің Германияға сапары барысында экономика, сауда, қаржы, білім, ғылым және инновация саларына қатысты тоғыз үкіметаралық және мекемеаралық құжат қабылданды.