Күні кеше Моңғолияда «MANAN» яғни бай-шенеуніктерге қарсы наразылық шерудің екінші толқыны басталды.
Моңғол жұртшылығы жемқор шенеуніктерге қарсылықтарын білдіріп, парламенттің спикерін жұмыстан кетуін талап етті. Тіпті Моңғолияның орталық алаңына жиналған халықты қолдау мақсатында парламенттің бірқатар мүшелері де келген екен. Жұртшылықпен бірге биліктегі жемқорларға қарсы шығушылардың арасында бұрын журналистика саласында қызмет етіп, қазір депутат болған М. Оюунчимэг те бар. Алайда, нәзік жанды шенеуніктің қымбат шарфы керісінше, халықтың тіпті ашуына тиді.
Әлемдегі ең қымбат сән компанияларының бірі Луи Вюиттонның (Louis Vuitton) шарфын таққан М. Оюунчимэгті, қарапайым тұрғындар халықты мазақ ету үшін келді деп сынап тастады. Өйткені, мұндай құнды дүниеге әрбір адамның қол жетікізе бермейтіндігі һақ. Алайда, тығырықтан шықпақ болып өз пікірін білдіруге тырысқан депутаттың ойы, халық арасындағы жағдайды тіпті ушықтырып жіберді.
«Бүгін ауа райы жылы болатындығын болжап, шарфымды алмаған едім, бірақ, құрбым менің жағдайыма алаңдап өзінің шарфын берген. Оның құны қанша тұратындығы туралы сұрамадым және мұның қандай шарф екендігін де ойлаған жоқпын. Болашақта мұндай жағдайға абай боламын» деген депутқа, әлеуметтік желілерден күтпеген жауаптар қайтарылды. «Кешіріңіз, сіз бұл шарфты Моңғол халық партиясының әйелдер форумы кезінде таққан едіңіз» деп, күтпеген тосын сый жасады. Осылайша, М. Оюунчимэгті халық арасында «өтірікші депутат» деп атай бастады.