Конгресте демократтар Мексика шекарасындағы қабырғаны қаржыландыру туралы келісімге қол қоймайынша, АҚШ Үкіметі жұмысын жалғастырмайды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп хабарлады.

Ақ үй басшысы Мексикамен арадағы шекараны күшейтуге 5,7 миллиард долларға жуық қаржы бөлінетінін айтқан. Трамп шекарадағы әскери топтар мен қорғандарды күшейту арқылы Орталық және Латын Америкасынан келетін заңсыз мигранттарға тосқауыл болмақ. Бірақ, Конгрестегі демократтар президенттің шешімін мақұлдаған жоқ. Енді шекара қабырғасына қатысты дау туындап, республикалықтар мен демократтар бір шешімге келе алмай дал. Осыдан кейін өткен аптада бюджеттік дағдарысқа байланысты елдегі 15 министрліктің тоғызы жұмысын тоқтатқан. Осы аптада Ақ үйде арнайы жиын өтіп, шекара мәселесін Жоғары палатада талқылау туралы келісімге келді. Қос тарап ортақ шешімге келсе, АҚШ үкіметінің жұмысы қайта қалпына келтіріледі.

Бұл мәселеге қатысты Дональд Трамптың өзі: «Үкіметтің толығымен қашан жұмысқа кірісетіндігін айта алмаймын. Шекарада қақпа тұрғызылмайынша «шатдаун» жалғаса береді. Бұл қабырға елге заңсыз кіргісі келетіндерге тосқауыл болады. Жаһандық кеселге айналған адам саудасы мен есірткі тасымалына нүкте қояды. Қазіргі уақытта біз адам саудалаушыларды қолға түсіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ал Мексикамен арадағы шекараға қақпа салынбайынша, осы аталған кеселдермен күресу қиынға соғады»,– деп мәлімдеді.

Еске сала кетейік, екі ай бұрын Гондурастан бет алған алты мыңға жуық босқын Мексика шекарасына жетіп, ары аспақ болған. Қазірше Мексика билігі Сьюдад-Идальго қаласындағы мигранттарды орналастыру орталығына 5000-нан астам адамды тіркеді. 24 желтоқсанда Дональд Трамп ресми мәлімдеме жасап, Мексикамен шекара қабырғасына қаржы бөлінбейінше, АҚШ үкіметі жұмысын қысқартады деген.

"The Qazaq Times"