Мексиканың Тихуана қаласындағы «мигранттар керуені» АҚШ-тан саяси баспана алу үшін аштық жариялады.

Осыған дейін АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметінің басшысы Кевин Макэлинэн: «Босқындарды еліне қайтарамыз. Америка көшбасшысының мәлімдемесіне сай, құқық бұзуға және заңсыз әрекеттерге жол бермейміз», – деген болатын. Заңсыз жолмен шекара аспақ болған босқындарды еліне қайтару үшін шекараға қарулы әскерилер орналастырылған. Бірақ, биліктегі әділетсіздік пен қаржылық дағдарыстан құтылмақ болып туған жерінен қашқан мигранттар саны азайған жоқ.

Бұл мәселеге қатысты АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Twitter-дегі жазбасында: «Латын Америкасы елдері мигранттарды бері жібермесе немесе Мексика тарапы оларды біздің оңтүстік шекарамызға жеткізбей тоқтатса дұрыс болар еді. Бұл елдер оларды АҚШ-қа жіберіп құтылғысы келеді. Бұлай істеуге болмайды. Егер сот бойынша босқындардың құжаты толық, әрі дұрыс болса, шекараны ашамыз. Ал сот рұқсат бермеген мигранттардың бір де бірін АҚШ-қа кіргізбейміз», – деп мәлімдеді.

Қазіргі уақытта екі ел шекарасында 7 мыңға жуық босқын бар. Наразылық шарасының қанша уақытқа созылатыны, әрі оған қанша адамның қатысқаны әзірше белгісіз.

"The Qazaq Times"