Елімізде жиі сынға ілігетін екі саланың бірі – футбол болса, екіншісі – полиция. Әрине, бұл екеуінен басқа да түйткілді проблемалары көп салалар жетерлік. Біз салыстырмалы түрде алып отырмыз. Жаз ортасында белгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімінен кейін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа қарсы сын жебесі қарша борады. Қоғам болып оның отставкаға кетуін талап етті. Алайда 5 қазан күні Елбасының мақтауынан кейін, бас полицейдің іс-әрекетін сынау біршама саябырсыған секілді.

Жолдау жасау барысында Президент министрге тез арада отандық полицияға реформа жасау керегін шегелеп тапсырған. Жеті жылдан бері осы лауазымда тапжылмай отырып, бір қызметті осынша жыл атқарған еліміздегі бірегей шенеунікке айналған Қасымов сол жиыннан кейін аз уақыт өткен соң полицияның жаңа киім үлгісін таныстырды. Алайда министр өзгерістің киімнен емес, санадан басталу керектігін әлі де толық түсінбейтін секілді. Әйтпесе, «полицейлер жазалаушы емес, халыққа қызмет көрсетуші қызметке көшуі қажет» деген ойды Президенттің өзі айтпап па еді? Бірақ министр қылмыстың алдын алу, азаматтарды адалдыққа шақырудың жаңа үлгісін ойлап табуға емес, қылмысқа қолын былғағандарды жазалауды жалғастыра түсетін сыңайлы.

– Егер біреу біреудің қалтасынан 10 миллион алып кетсе, біз оны ұстаймыз, сосын босата саламыз. Бұл ретте қылмыстық құқықтық принциптері өрескел бұзылып жатыр. Сондықтан осы жағдайларды есепке ала отырып, қылмыстық әрекет жағдайында ұрлық, шабуыл жасағаны үшін қажетті қылмыстық жауапкершілік енгізуді көздеп отырмыз, – дейді министр.

Қазақстан полициясының жаңа формасы қоғам қызығушылығын тудыра қойған жоқ. Бізге расында, «сырты бүтін, іші түтін» сақшының қажеті шамалы.

«Полицейлерге жаңа форма әпергеннен, олардың жұмысы жақсарып пара алуды тоқтады деп отырсыздар ма? Олардың формасын ауыстырғанша, олардың айлығын көтеріңдер! Біздің үкімет полиция қызметкерлерін пара алуға өздері итермелеп отыр! Нақты фактімен жазайын. Айлықтары 100 мыңмен 75 мың теңгенің арасы. Ал есептеңіздер 50 мың теңгеден жоғары пәтерақы, 15-20 мың теңге коммуналдық қызмет ақы, егер үйленген болса азық-түліктің өзіне бір айға жәй отбасыға 50 мың теңге кетеді. Бала бақша ақысы тағы бар. Қосымша жол пұл, майда шүйде шығынға бір айға 20 мың теңге деп алайық. Айына бір полиция қызметкеріне 250 мың теңгедей шығын кетеді. Үкімет оларға үй бермейді, зейнетақы қорын жүргізбей тастады. Сонда мардымсыз айлық алатын полиция қызметкерлері пара алмағанда не істейді?» деп жазады Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында.

Журналист Арай Есенбек бұл тұрғыда шет мемлекеттің жағдайын мысалға келтіреді.

«Корея елінде көші-қон инспекторлары айына 5-6 мың доллар жалақы алады. Сондықтан олар майда-шүйде параға пысқырып та қарамайды. Қолын былғап, басы мен қызметін тәуекелге тікпейді. Сол себепті ол елге заңсыз жұмысқа барған қандастарымыз репорт болып елге кеп жатыр. Ал бізде ше? Жуырда полицейлер өз елінде кісі өлтіріп халықаралық іздеуде жүрген өзбекстандық қылмыскерді еліне қайтармай, интерполға тапсырмас үшін 1000 доллар талап еткен деген ақпар шықты» дейді ол.

Министрдің бұдан кейін қолға алғалы отырған шаруасы – полиция қызметкерлерін жаппай қысқарту. Айтуынша, ІІМ штаттық қызметкерлерінің 10 пайызы, яғни, 450 басшы қысқартуға ұшырайды. Бұл қысқартудан тергеушілер, учаскелік және полиция мекемесіндегі оперативті қызметкерлер аман қалады екен. Дұрыс-ақ. Алайда әртүрлі шаруамен қалалық ішке істер бөліміне бара қалсақ, дене бітімін еркіне жіберген тәртіп сақшыларын жиі байқаймыз. Сол кезде мына тұрқымен қылмыскер ұстай ала ма, төтенше жағдайда белсенді қимылдай ала ма өзі деген жымысқы сауал еріксіз ойға орала кетеді. Мұны министр қаперге ала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Жалпы, басшылық қысқарту арқылы 16 млрд теңгені үнемдегісі келеді. Бұл қаражат полицейлердің жалақысын көтеруге жұмсалады дейді Қасымов.

Әрине, бұл өзгерістердің аясында тәртіп сақшыларының санасын жаңғырту жүргізіле ме, жоқ па, бұл жағы беймәлім. Осы орайда Грузия, Украина елдерінен үлгі алудың маңызы жоғары болмақ. Мәселен, Грузия жүргізген реформа – ТМД елдері арасындағы ең табысты реформа саналады. Аталған ел күрделі өзгерістер легін 2004 жылдан бастады. Екі жыл ішінде ішкі істер саласындағы 85 мың қызметкердің 75 мыңы жұмыстан босатылды. Қосақ арасында басшылық құрам да толығымен жұмыстан босады. Өңірлердегі авто инспекторларды да түгелдей қызметтен қуды. Үш айдан астам уақыт бойы мемлекет жолдарындағы қауіпсіздікті ешкім қадағаламаған. Реформа авторлары қызметкерлер жинау кезінде үміткерлердің бұрын ішкі істер саласында тәжірибесі бар-жоғына мүлде назар аудармаған. Керісінше, бұрын полиция қатарында істеп көрмеген адамдарды мейлінше тартуға тырысқан. Сөйтіп, ішкі істер саласында адалдық пен әділдіктің салтанат құруын көздеді. Нәтижесінде, 2003 жылы халықтың полицияға деген сенімі небәрі 5 пайыздық деңгейде болса, 2010 жылы 90 пайызға дейін көтерілген. Бұл тұрғыдан бірқатар Еуропа елдерімен иық тірестіреді, тіпті алға озады. Полицейлер қандай жағдайда да пара алудан бас тартқан. Оларға сеніп, хабарласатын азаматтар саны күрт өскен. Ауыр қылмыстар азайған. Қазір бұл елде адам ұрлау, көлік ұрлау, ұялы телефон ұрлау қылмыстары кездеспейді. Реформа жасаушылар полицияны адамдарды жазалаушы емес, оларға қызмет көрсетуші, көмектесуші функцияға сәтті айналдыра білді.

Шыны керек, біз полицияны қоғамнан бөліп қараймыз ғой. Оларды көрсек, қарамызды батырғымыз келіп тұрады. Олармен бетпе-бет сөйлесуден қашқақтаймыз. Ілініссек, бір кінәні бізге жаба салатындай көрінеді. Әлдебір құқық бұзушылықты зерттеу үшін де бөлімшеге аяқ басқымыз келмейді. Себебі, құқық қорғау қызметкерлерінің өтінішімізді қанағаттандырып, толық шешіп береріне сенбейміз. Біздің полицияның жұмысы арыз жаздырып алып қалып, оны папкаға тіркеумен ғана шектелетінін жұрт жақсы біледі. Ауыр қылмысты былай қойғанда, сақшылар ұялы телефон, ақша ұрлығы секілді жеңіл-желпі құқық бұзушылықтарға пысқырып та қарамайды. Мұның бәрі сенімнің төмендеуіне әкеліп соғады.

Бәрі айналып келіп қаражатқа тірелерін де бағамдаймыз. Грузия полиция реформасы кезінде АҚШ бюджеті есебінен қаржыландырылған деген дерек бар. Әрине, қаржы бөлу – Үкімет мәселесі. Мемлекеттік деңгейдегі шараларды, халықаралық басқосуларды өткізу үшін, шет елден келетін футболшыларға төлеу үшін табыла кететін миллиардтаған қаржының мұғалім, дәрігер, полиция кезінде қат болып қалатынына кейде таң қаласың? Күрделенген түйткілдерді министр Қасымов тарқата ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер.

"The Qazaq Times"