Қытай туралы ең жаңа зерттеу нәтижесі таңқаларлық мәліметтерді жайып салды. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, соңғы 5 жыл ішінде 7500-ден астам мьянмалық қыз Қытай азаматтарына тұрмысқа шығуға мәжбүр болған және олар қытайлық азаматтарға бала тауып беруге міндетті болған. Бұндай зерттеу қорытындысын АҚШ-тың Джон Хопкинс университетінің Блумберг денсаулық сақтау институты және Таиландтың Качин әйелдер қауымдастығы бірлесе отырып жасаған.
Аталған зерттеу қорытындысы кеше Бангкокте жарияланды. Назар аударарлық бір жайт, Қытай мен Мьянма азаматтары арасындағы 7500-ден астам некенің 65 пайызы «жеңгетайлар» мен делдалдардың араласуымен жүзеге асқан. Бұл мәліметтер көптеген мьянмалық әйелдердің адам саудасы мен мәжбүрлі некенің құрбаны болып отырғанын көрсеткен.
Аталған екі мекеме бұл зерттеуді 2017 жылдан бастап, Қытайдың Юннан (Юньнань) провинциясы мен Мьянманың солтүстік өңірінде жүргізген. Зерттеушілер 18 бен 40 жас аралығындағы 400 әйелмен кездесіп сұхбаттасқан. Әрі, бұл зерттеу өңірдегі трансшекаралық қалыңдық саудасына бағытталған алғашқы зерттеу жұмысы.
Қытай билігі 40 жыл бойы жүйелі түрде жүргізіп келген «Жоспарлы туу» деп аталатын саясаты елдегі ерлердің санын әйелдерден 34 млн адамға көбейтті. Бұл Мьянма, Тайланд, Камбоджа және Солтүстік Корея сынды көрші елдердегі трансшекаралық қалыңдық саудасын өршіте түсті.
Жаңа зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қытайлық күйеулерінен балалы болған 5 мыңнан астам мьянмалық әйелдер қазір әрі-сәрі күйде. Олар қытайлық күйеулерімен баянды өмір сүре алмаған және отбасылық жылуды сезінбегенін айтады. Алайда, баласына бола некелерін бұза алмайды.
Джонс Хопкинс университетінің доценті Коуртланд Робинсонның айтуынша, мәжбүрлі неке құрбандары адам құқығы тапталған, әрі физиологиялық және психикалық зардап шегушілер қатарына жатады. Тіпті, бұл әйелдердің кейбіреулері «бала өндіруші құрал ретінде» пайдаланылып, кейін тастанды болған.
Зерттеу қорытындысын әзірлегендер Бейжің билігін Мьянмадағы әскери зорлық-зомбылықтан бас сауғалап Қытайға қашқан мьянмалықтарға гуманитарлық көмек көрсетуге, мәжбүрлі некеден құтқару үшін құқық қорғау шараларын күшейтуге, адам саудасына тыйым салуға шақырды.