Ресейдің Санкт-Петербор қаласында Сүрия еліне аттанбақ болған өзбекстандық Жасурбек Юлдашев қамауға алынды.

Діни экстремистік «Катиба Таухил әл-Жихад» әскери тобына қосылуға әрекет жасаған азамат Telegram және WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы өзінің сыбайластарымен келісімге келмек болған. Алайда, дер кезінде құрықтай білген Петерборлық мамандар оның жолына тосқауыл қоя білді.

Ресей Федерациясының тергеу басқармасы баспасөз-хатшысының мәліметінде «Бейтаныс жандар Юлдашевтың алдымен қауіпсіз жолдар арқылы кедендік бақылау орынына жеткізіп, кейіннен жаттығу лагеріне жіберуге келіскен. Онда әскери тактикаларды меңгеріп террористік амалдар арқылы суық қарумен жұмыс істеуді үйретеміз деп уағдаласқан» делінген.

Сондай-ақ Юлдашев бұл әрекетке бармастан бұрын 50 мың рубль көлемінде қаржы жинағандығы белгілі болды.  Бұдан бөлек жеке заттарын сату арқылы Мәскеуге жетіп, одан кейін Украинаға арғысы Сүриядан бір-ақ шығу деген жоспары бары да әшкереленді.

Қазіргі таңда Петербор билігі 2019 жылдың 20 қаңтарына дейін қамауға жабылған азаматты уақытша ұстау изоляторына жіберу туралы шешім шығарды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан жерінен Сүрияға 900-ге жуық азамат аттанған. Халықаралық террористік ұйымның мәліметі бойынша,  120-дан аса ер адам, 250-ге тарта нәзік жандылар мен 500-ден астам кәмелеттік жасқа толмағандар содырлардың жақтастарын толтырған.

"The Qazaq Times"