6 қарашада өткен сайлау АҚШ саясатындағы бұрылыс ретінде қалды. Осы реткі сайлауда Құрама Штат тарихында алғаш рет Конгреске мұсылман әйелдер сайланды. Бұл жолы сайлауға түскен үміткерлер арасындағы мұсылмандардың саны рекордтық көрсеткішке дейін жетті. Сайлауға қатысқан мұсылман кандидаттар саны 100-ге жеткен.

Солардың арасында Рашида Талиб пен Ильхан Омар ерекше көзге түсті. Екеуі де Демократтардың үміткері ретінде президент Трамптың миграция саясаты мен мұсылмандарға қарсы сөздерін сынға алған.  Сондай-ақ, Трамптың қатаң миграциялық шектеулеріне күшті қарсылық танытып, Құрама Штатта қаржы және миграциялық полицияны жою бастамаларын көтерген.

Сомалилік босқын Ильхан Омар

Ильхан Омар бала күнінде үй-ішімен Сомалиден кеткен. Бір мезгіл Кениядағы босқындар лагерінде жасап, кейін Миннеаполиске барған. Ол сайлау алдында америкалық басылымдарға берген сұхбатында: «Конгреске барудағы басты мақсатым – демократияның қандай болатынын көрсету», – деген. Ол Конгреске сайланған жеңісі туралы: «Бұл босқындар лагерінде 8 жыл өмір сүрген қыздың жеңісі болды; бұл еркінен тыс зорлықпен күйеуге берілген мұсылман қызының жеңісі; бұл армандай алатын әрбір адамның жеңісі» – деді америкалық БАҚ-қа.

Рашида Талиб. Фото: REUTERS.

Босқын отбасыдан шыққан Рашида Талиб

Рашида Тадиб палестиналық босқын отбасынан шыққан. Ол Мичиган штатынан АҚШ-тың мемлекеттік палатасына сайланып барды. Ол 2008 жылы Мичиган штатының өкілдер палатасына мүше болған алғашқы мұсылман әйел.

Кезекті сайлауға қатысудағы басты мақсатын «Трамптың миграциялық саясатына қарсы күресу» деп түсіндірген. Анығында, мұсылман елдеріндегі азаматтардың АҚШ-қа келуіне тиым салу ісіне қарсы майданда. Ол ABC арнасына берген сұхбатында: «Менің жеңісім тарихта қалсын деген оймен сайлауға қатыспадым. Мен әділдік үшін, ислам дінін ұстанудан күдіктенкен ұлдарым үшін сайлауға қатыстым. Мен үнсіз қарап тұратындардың қатарынан емеспін», – деген. Ол бұл сайлауда афроамерикалықтар көбірек тұратын аймақта ұтып шықты.

АҚШ-тағы аралық сайлау нәтижесі Трампқа қолайлы болмай шықты. Демократтар ел палатасындағы басым көп орынды иеледі. Олар сегіз жылдан бері алғаш рет төменгі палатада басым саяси күшке ие болып, президент Трамптың саясатын тезге салуға мүмкіндік алып отыр.

“The Qazaq Times”