АҚШ Иранның мұнай саласына бағыттаған жаңа әрі қатаң санкцияны іске қосты. Иран экономикасы мұнай экспортына байланған. Сондықтан, АҚШ санкциясы Теһран (Тегеран) билігі үшін тым ауыр соққы. Бұл қазіргі халықаралық жағдайдың ең түйткілді тұсына айналды. Себебі, Иран жөнінде Еуропа мен Американың көзқарасы бір жерден шықпай отыр. Еуропалық Одақ қазірге Иранмен мұнай саудасын жасайтын компанияларды қолдайтынын аңғартуда. Алайда, бұл компаниялар Иранмен болған істестігін жалғастырса АҚШ санкциясының соққысын қабылдайтыны анық.
Иран президенті Хасан Рухани АҚШ санкциясына байланысты арнайы мәлімдеме жасап, санкцияның нәтижесіз болатынын айтты. «Кесіп айта аламыз, АҚШ-тың Иранға қаратқан жаулық әрекеті игілікті болмайды. Себебі, олар қадам сайын кері шегінуде», – деді.
Иранға бағытталған экономикалық санкцияның қайта іске қосылуы тікелей Трамп билігімен қатысты. Трамп АҚШ тағына келе салысымен 2015 жылы қол қойылған «Ортақ қадам – Иран ядролық келісімін» сынға алды. Бұл келісім бойынша, Иран және өзге алты ірі ядролық елдер келіссөз үстеліне келген. Онда Иранның ядролық қару өндіруі тоқтатылады, оның есесіне осы елге бағытталған экономикалық қысым алынып тасталады. Сондай-ақ, келісімде Иранның ядролық нысандары БҰҰ тарабынан бақылауға алынады. Ал, бақылаушы эксперттер ядролық нысандарға тек Теһран рұқсатымен кіре алатын болып белгіленген.
Трамптың айтуынша бұл Иранның ядролық қару өндіруін жетерлік дәрежеде шектей алмайды. Онымен қоса, АҚШ президенті израильдік барлау агенттерінің мәліметтерін алға тарта отырып, Иранды басқарылмалы зымырандарды дамытып отырғанын айтқан. Осы уәждерін алға тартқан Трамп біржақтылы шешім жасап, Иран ядролық келісімінен шығып кетті және экономикалық санкцияны қайта іске қосты. Бірақ, 2015 жылғы келісімге қол қойған өзге елдер Иран келісімді атқарып отыр деп қарайды.
Еуропалық елдер бұл жолы АҚШ жағына шықпады және бұрынғыдай Құрама Штатқа ұқсас санкцияға ілеспеді. ЕО елдері Иранмен жасасқан келісімде қала береді деген пікірлер бар. Себебі, Еуропа елдері Парсы шығанағындағы мұнайға көбірек тәуелді. Алайда, тұтас ЕО үшін саяси шешім Иран жағына бұрылғанымен, бұл жекелеген еуропалық компанияларға тиімді болуы екіталай. Себебі, әлемдік сауда жүйесіндегі АҚШ-тың салмағы әлемдік ірі компаниялар үшін ескермесе болмайтын жайт. Қазірдің өзінде кейін ірі компаниялар Иранға салған санкциясын тоқтатып, мұнай сатып алуды қысқартты.
АҚШ-тың кезекті санкциясы Иран экономикасының күре тамырына тиетіні шын. Иранмен істестік орнатқан компаниялар үшін Құрама Штаттың шекарасы жабық. Бұдан да бөлек АҚШ санкциясының толып жатқан мазмұндары бар.
Санкциядан жалтарудың жолы бар ма?
Еуропа Одағы өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын жол іздеп бағуда. Айталық, олар АҚШ санкциясынан айналып өтетін, Иран мұнайынан да қол үзбейтін шараларды іздестіруде. Соның бірі – арнайы төлем жүйесін орнату. Special Purpose Vehicle (SPV) немесе арнайы төлем жүйесі АҚШ-тың финанс жүйесінен көрінбейді. Демек, бұл шетелдік компаниялардың Ирандағы жұмысын жалғастыруына мүмкіндік бере алады.
Аталған SPV жүйесі банк рөлінде жұмыс жүргізеді. Иранға қаржы аударуды осы жүйе арқылы жүзеге асыруға болады. Айталық, Иран еуропалық бір елге мұнай сатып берсе, оны сатып алушы компания қаражатты SPV жүйесіне аударса болады. Ал, Теһранда бұл жүйені банк ретінде пайдалана отырып, Еуропа елдерінен тауар сатып ала алады.
Еуропа Одағы бұның сыртында, заңға енгізу арқылы АҚШ санкциясынан зардап шеккен компанияларының шығынын төлеп беру жолдарын да қарастыруда.
Алайда, осының бәріне қарамастан, АҚШ санкцияларынан кейін Иранмен сауда жасасу қымбатқа түсуі мүмкін делінеді. Мысалы, Ираннан мұнай сатып алу SPV жүйесі арқылы жүзеге асқанымен, мұнай немесе тауар жеткізіп беруші компаниялар да АҚШ санкциясына ілінеді. Иранның экономикалық жүйесі АҚШ финансына тәуелсіз болмағанымен, Теһран істестік орнатқан елдердің көбі АҚШ-пен тығыз экономикалық байланыста. Міне сондықтанда, Иранмен сауда істестік орнатқан компаниялар қазір бір шешімге келе алмай дағдару үстінде.
Шиеленісті шешетін білте қайта?
Трамп үкіметі Иранның мұнай экспортын түгелге жуық тоқтатып тастауды көздеп отырғанын аңғартты. Дегенмен, бұл оңай шаруа емес-ті. Иран мұнай экспортын тоқтату әлемдік мұнай бағасын шарықтатып жібермек. Онда бұл АҚШ-тың өзіне соққы болып тиер еді. Сондықтан, Уашингтон үшін де бұл түпкілікті шешім болмайды.
Иран мұнайын сатып алушылар қатарында ірі экономикаға ие елдер бар. Бұдан тыс, Қытай Иранның ең ірі сауда серігі саналады. Сарапшылардың айтуынша, бұлар да үлкен рөл ойнайды. 2010 жылдан басталған санкция алты жыл ішінде Иран мұнай экспортын 50 пайызға дейін азайтып жіберген болатын. Бірақ, бұл жолы еуропалық елдер Теһранмен сауда байланысын сақтам қалуға қам қылуда.
Кейбір еуропалық сарапшылар Иран бұл санкцияға төтеп бере алады, себебі олар бұдан ауыр санкцияларды өткерген деп қарайды. Ал, Иран болса мұнай экспортының жаңа жолдарын қарастыра береді. Теһранның бұған тәжрибесі де бар. Еуропа елері мұнай сатып алуды тоқтатқан күннің өзінде Иран Ресей мен Қытайға бет бұрады. Бұл Қытай, Ресей, Иран арасындағы ынтымақтастықты да күшейте береді. Сондықтан, АҚШ пен Иран қайшылықты шешудің келіссөзден басқа жолдарын ғана қарастыратын сыңай байқатады.