Бірер күн бұрын ғана Қазақстанның 120 сарбазы Ливанға бітімгершілік мақсатта аттанып кетті. Олардың міндеті – елдегі қауіпсіздікті қадағалап, Үндістан әскерилерімен бірге тізе қосып қимылдау. Осы орайда бұған дейін қазақстандық әскердің қанша рет бітімгершілік мақсатта шекара асқанын санамалап көрдік.
Қазақ тарихындағы қаралы кезең
Қазақстан армиясы тәуелсіздік ала сала шет мемлекеттерге әскери көмек көрсетуге кірісіп кетті. Қорғаныс саласының құлшынысы 1992 жылдан басталды. Анығында Тәжікстандағы азамат соғысы 1992 жылы 5 мамырда басталған. Сол жылдың желтоқсан айында ҚР Жоғарғы Кеңесі арнайы қаулы шығарды да, 100 адамдық батальон тәжік-ауған шекарасына қарай аттанып кетті. Тәжік жеріндегі азамат соғысы бес жыл уақытқа созылып, елдегі тыныштық орнай қоймады. Шын мәнінде қос тарап 1997 жылы татуласқанымен біздің әскерилер ол елде 2001 жылға дейін болды. Осы уақыт ішінде тәжік жерінде 8 мыңнан астам қазақстандық әскери міндетін өтеді. Өкінішке қарай, осы бір алғашқы бітімгершілік сапары қазақ еліне ауыр соққы болып тиді. Біз 43 әскериден айырылып, 100 адам ауыр жараланды. Әсірес, 1995 жылдың 7 сәуірінде болған қанды қырғын Қазақстан тарихындағы аса бір қаралы кезең болып қалады. Дарваз ауданындағы Пшихавр сайында 7 рота тәжік ислам оппозиция күштерінің қоршауына түсіп қалып, бес сағатқа созылған атыстан 17 қазақстандық әскер қаза табады.
Әр сәуір айы келген сайын еліміздің қарулы күштері тәжік жерінде қаза тапқан сарбаздарымызды құрметпен еске алып, рухына құран бағыштап тұрады.
Бұдан кейін біздің әскерилер Ирактағы операцияларға қатысты. Ирак жерінде 2003 жылдың 19 тамызынан бастап 290 қазақстандық әскер мен офицерлер бітімгершілік мақсатта жұмыс істеді. Отандастарымыз ол жақта миналанған аумақтарды залалсыздандырумен, оқ-дәрілер жасырынған жерлерді, ауыз суды тазартумен және жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетумен айналысқан.
Әрине, қазақ әскерлерінің соғыстың ошағына айналған өлкеде жүруіне бірқатар отандастарымыз қарсылық та танытты. Уайым да жеді. Бірақ бұйрықтың аты бұйрық. Бес жыл ішінде біздің әскерлер 4 миллионнан астам жарылғыш заттардың көзін жойып, 6 718 куб метр суды тазартқан. Сондықтан біздің қарулы күштер Ирак еліне үлкен көмек көрсетті деп айтуға толық негіз бар.
Дегенмен бұл елдегі операция да қайғысыз болған жоқ. 2005 жылдың 9 қаңтарында әуе бомбаларын түсіру кезінде жарылыс орын алып, капитан Қайрат Құдабаев қаза тапты. Одан бөлек тағы төрт қазақстандық жараланды. Қазақстан қарулы күштерінің Ирактағы бітімгершілік миссиясы 2008 жылдың 20 қазанында ресми түрде аяқталды.
Қазақстан кескілескен шайқас жүріп, күнде бомба жарылып, қанды майданға айналған аймақтарға әскер жіберуді бұдан кейін де тоқтатпайтын сыңай танытты. Ел билігі 2000 жылдардың бас кезінен бастап Ауғанстанға әскери көмек аттандыруды ара-тұра айтып қалатын. Бірақ «мәңгілік соғыс мекені» секілді көрінетін ауған даласына әскер аттандыру – қарулы күштерді қайтпас сапарға шығарып салумен бірдей көрінетін. Сондықтан ба қоғам арасында бұған қатысты ашық қарсылықтар да болып жатты. Ақыры бұл мәселе 2009 жылға таман күшейе түсті. Оның үстіне НАТО ресми шақырту да жіберген. Бірақ Қазақстан бұл уақытта әскерилердің толық соғыс дайындығында емес екенін ескеріп, кейінге шегерді. 2011 жылы мәжіліс НАТО-мен ынтымақтастық аясында Ауғанстанға әскер жіберуді қолдайтын заң жобасын мақұлдап жіберді. Алайда қызығы сол – заң қабылданғаннан кейін де біздің әскерлер ауған жеріне жіберілмеді. Бәлкім, қоғамның қарсылығына құлақ асты. Мүмкін әлдебір саяси не әскери мәселе кедергі болды. Одан кейін бұл сұрақ біржола тыншыды.
Ал 2014 жылдың қарашасында мемлекет қорғаныс министрлігі қазақстандық бітімгершілік тобының Батыс Сахараға БҰҰ миссиясы аясында әскери бақылаушы ретінде аттанатынын мәлімдеді. «Қазбат» батальоны құрамында Батыс Сахараға Бақтияр Ақбалаев, Темірлан Мүсәріпов және Талғат Тасболатовтар аттанды.
Сондай-ақ 2015 жылы біздің бітімгершілік әскерлер тобы Кот-д`Ивуар еліне де барып қайты. Ақылбай Құсайынов пен Рүстем Сүлейменов әуеде және жерде патрулдік бақылау жасаумен айналысып, 2016 жылы аман-есен елге оралды.
Ливан сапары қатерлі емес пе?
Ливанға әскер жіберу туралы да сөздің қозғалғанына біраз уақыт болған. Бұл туралы экс қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов та пікір білдірген еді.
«Қазбаттың 30 сарбазы Үндістанға барып, арнайы жаттығулардан өтті. Олар әскери қақтығыстарға тікелей араласпайды, тек бітімгершілік миссиясымен ғана айналысады. Істеген шаруаларын БҰҰ-на баяндап отырады. Егер бізге ұсыныс түсетін болса әскерлеріміз Сирия жеріне де аттануға дайын» деген болатын.
Қазір Ливан жеріндегі саяси жағдайды тұрақты деуге келмейді. Ол жақта да суниттер мен шиіттердің бітіспес дауы жалғасуда. Елдегі ішкі жағдайды сарапшылар бірқалыпты деп атағанымен, Израильмен шекарадағы мәселе әлі бір ретке түспей тұр. Халықтың тынышын қашырып тұрғаны да осы. Екі ел арасында аумақтық тұтастыққа қатысты екі жақты көзқарас әлі күнге әскери қақтығыстардың туындауына ықпал етіп келеді. Мемлекеттер арасында дипломатиялық байланыс орнамаған. Израиль заңы бойынша Ливан – «дұшпан мемлекет». Мемлекеттер арасындағы шекара ұзындығы 81 шақырымды құра йды. Бір-екі күн бұрын ғана Израиль БАҚ-тары Израильдің Ливанға шабуыл жасауы мүмкін екені туралы ақпарат таратыпты. Егер Ливан билігі күш алып келе жатқан «Хезболла» ұйымына ешқандай қарсылық таныта алмаса, Израиль аталмыш ұйымның нысандарына шабуыл жасамақ. Саяси сарапшы Ислам Кураевтың айтуынша, дәл қазір Ливанға бітімгершілік миссия керек.
«Израильмен шекарада әскер күші қажет-ақ. Себебі, Ливан шекараны қауіпсіз етіп, сосын өздері мемлекеттің ішкі шаруасымен дұрыстап айналысуды қалайды. Сол арқылы шекарадағы әскер қызметіне жұмсалатын шығынды үнемдейді. Қазақстан әскерлері бұған дейін бірнеше елдегі операцияларға қатысып, тәжірибе жинады. Дегенмен Ливандағыдай аса қауіпті шекара жағдайында, қару-жарақ көп мөлшерде жинақталған, босқындар көптеп саналатын аймақта миссия орындау оңайға түспейді» дейді ол отандық БАҚ-қа берген сұхбатында.
Әскери сала мәселелеріне қатысты қызығушылық танытатын Заңғар Алтайдың айтуынша, әскерилердің Ливанға аттануы құптарлық жағдай.
«Мұндай әскери жағдайлар қызу жүріп жатқан өлкеге барып, түрлі операцияларға араласу арқылы соғыс тәжірибесін меңгереді. Біздің армия тәжірибесіз емес. Иракта да, Тәжікстанда да болды. Қаншама минаны тазалады. Сарбаздар мұндай жерлерді көріп, сезінуі керек. Тыныштық өмірде жүре берсе, аяқ асты төтенше жағдай туындағанда абдырап қалса тағы болмайды ғой. Сондықтан мұндай бітімгершілік операцияларын – дайындық, оперативті шабуылдарға бой үйрету деп түсінуіміз керек. Соғысқа тікелей араласпаса да, қаруды қалай пайдаланатынын көріп, түйсініп қайтса оның өзі мол тәжірибе. Әрине, қауіп деңгейі өте жоғары. Ондай жерлердегі әскери қимылдардан пайда болатын трагедиялардан ешкім де сақтандырылмаған. Біздің әскерлер де неге бара жатқанын, қайда бара жатқанын толық түсінген. Сол себепті, олар психологиялық және физикалық қатаң дайындықтан сүрінбей өткен жандар. Сондықтан біз оларға сенеміз. Аман-есен келуін тілейміз» дейді ол.
Осы мәселеге орай белгілі саясаттанушы Асхат Қасенғали де әлеуметтік желіде өз пікірін білдірген. Ол осы жолғы сапарға сарбаздарымызды аттандыру – үлкен қауіп пен үлкен тәуекелге бас тігу деп есептейді.
«120 сарбаздың Ливанға кетуі қауіптірек сияқты. Ливан – террорлық топтардың бір ордасы. Тұрақсыз, жан-жағын соғыс оты шарпыған, ал өзінде әне-міне тұтанайын деп тұрған мемлекет. 120 жігіттің бәрі сау қайтса игі. Солардың ішінде бір биік мінбердегі шенеуніктің баласы бар ма екен?! Ұлыбритания ханзадасы Ауғанстанға барып, талибтермен соғысып келді ғой...Біздің дөкейлер өз балаларын ешқашан ондайға жібермес» деп жазады ол.
Заңда қалай жазылған?
Қазақстан сарбаздарының шет елдердегі әскери операцияларға қатысуын қамтамасыз ететін арнайы заң бар. 2015 жылы мамыр айында парламент қолдаған «Бітімгершілік қызметі туралы» заңға президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды.
Заң бойынша ел президенті қазақстандық әскерилердің бітімгершілік операцияларына қатысуы туралы ұсынысты парламентке жолдай алады. Кейін парламент осыған орай шешім қабылдайды. Құжатта көрсетілгендей бітімгершілік күштерге қаржы ел үкіметінен немесе БҰҰ мен халықаралық ұйымдардан бөлінеді. Сонымен қатар бітімгершілік операцияларын қаржыландыруды мойнына алған серіктес елдер де қол ұшын созуы тиіс.
Қорғаныс министрлігі бітімгершілік операцияларына қатысып жатқан сарбаздардың жалақысын үш есе көтеріп төлейміз дейді. Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, операция өтіп жатқан жерге жеткеннен бастап сарбаздардың айлық жалақысы үш есеге артып шыға келмек.