Сүрия соғысы басталғаннан кейін және НАТО-мен арадағы кикілжіңнен соң, Түркия әуе қорғаныс жүйесінде орыстың S-400 жүйесін сатып алуға шешім шығарған. Сондай-ақ, S-400-ді пайдаланған уақытта отандық әуе қорғаныс жүйесін жасап шығаруды қолға алан болатын.

Бір күн бұрын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркияның қорғаныс өнеркәсіп өнімдерімен танысқан кезде, «Сипер» атты орта және алыс қашықтықтағы әуе қорғаныс жүйесінің жасалып жатқанын мәлімдеді.

Ердоған сөзінде: «Тәуелсіз және қуатты Түркия жасау үшін қорғаныс өнеркәсібінде басталған бастамалар жалғасын табатын болады. Отандық әуе қорғаныс жүйесі қайырлы болсын», – деді.

Ердоған билігі соңғы кезде, ЕО-ға ұмтылған Түркияны Батыстан алыстатып әкетті. Орта және Таяу Шығыстағы елдермен де қарым-қатынасы бір деңгейде емес. Алайда, Ресей және Иранмен өңірдегі ойынды бөлісуде. Бұл Түркияны қорғаныс саласындағы дербестікке қарай итермелей түскендей. Қазір Түркия өзінің қорғаныс өнеркәсібін дамытуға көбірек көңіл бөлуде. Әуе және ғарыш технологияларына да күш салуда. Егер Түркия шынында ресейлік S-400 немесе америкалық «Сад» қорғаныс жүйесіне пара-пар келетін әуе қорғанысын жасап шығарса, онда өңірдегі ықпалды ойыншыға айналмақ.

“The Qazaq Times”