Берлин Сауд Арабиясына қару-жарақ экспортын уақытша тоқтатты. Бұл туралы Германия канцлері Ангела Меркель баспасөз конференциясында хабарлады. 

Ангела Меркель өз сөзінде: «Саудиялық журналист Жамал Хашоггидің өлімі күллі әлем үшін өте қорқынышты және жұмбақ жағдай. Енді қылмыстық іс толыққанды тергеліп, кінәлілер қатаң жазалануы керек. Сол себепті қару экспортын тоқтаттық. Аталған оқиға мемлекет арасында ғана емес, халықаралық деңгейде талқыланатын болады», – деді.

Неміс билігі екі ел арасындағы экспорттық байланыстың уақытша тоқтатылуы үлкен ескерту дейді. Олар қылмыстық іске қатысты тергеуді жалғастырып, әділ шешім шығару керек деген талап қойды. Журналистің қазасына байланысты Сауд Арабиясына Германия ғана емес, өзге де мемлекттер қатаң ескерту жасап отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп «Сауд Арабиясы бізге саяси одақтас мемлекет, алайда журналистің өлімі қарама-қайшы әрекет», – екендігін айтты. Ал БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі бюросы тез арада ашық, әрі әділ тергеу жүргізуді талап етті.

Айта кетейік, журналист Хашоггидің Ыстамбұлдағы консулдықта қаза болғанын Сауд Арабиясының ұлттық телеарнасы хабарлады. Бұл іске қатысты корольдықтың 18 азаматы тұтқынға алынып, 2 жоғары лауазымды тұлғасы отставкаға кетті. Қазіргі уақытта әлі де тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"The Qazaq Times"