Жақында Алматының қақ төрінде комсомолдың 100 жылдығы дүркіреп өтті. Абылай ханның 300 жылдығы, басқа да ақтаңгерлердің мерейтойлары ұмыт қалады. Бірақ комсомол ұмытылмапты. Мына тойласқа қарағанда әлі бірнеше жыл «комсомол жасасын!» деп жер тепкілейтін сияқтымыз. Мемлекеті әлдеқашан күйреп кеткен, аты қалып, заты тарих қойнауына сүңгіген, өзгеге деген тәуелділік пен басыбайлылықты анық аңғартатын мерекені тойлаудың қандай қажеттілігі болды?

Бүкілодақтың Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы 1918 жылы 29 қазанда Мәскеуде құрылған. Бастама Қазақстанда да қолдау тауып, 10-15 жас аралығындағы оқушылар комсомол ұйымына қабылдана бастады. Бұл өз уақытында үлкен мәртебеге айналған ғұрып. Осы ұйымға мүше болған біздің шенділер Абай атындағы опера және балет театрында 100 жылдықты атап өткен. Шараға Иманғали Тасмағамбетов, Бірғаным Әйтімова, Бақытжан Жұмағұлов, Қуаныш Сұлтанов секілді саяси элита өкілдері қатысыпты. Зал лық толы. Бәрінің қолында қызыл жалау. Өңірлерінде компартия ордені. Құдды тәуелсіз Қазақстан ғарышқа ұшып кетіп, бір сәтте Кеңес Одағы қайта орнағандай әсер қалдырады. Концертте Роза Рымбаева, «Дос-Мұқасан», Әлібек Дінішевтер өнер көрсеткен.

Белгілі журналист, публицист, қоғамдық оқиғаларға қатысты оқшау ой білдіріп жүрген Марат Тоқашбаевтың айтуынша, бұл – қазақ тарихындағы масқара жағдай.

Фото: muftyat.kz

– Бұл кеште комсомолдың сол заманындағы атрибутикасының бәрі қолданылған. Жиынға негізінен, комсомолда «топ-менеджер» болған, яғни, басшылық қызметтер атқарған, сол арқылы билікке, байлыққа жеткен азаматтар қатысыпты. Әрине, олардың ойында, пиғылында арамдық, жаман ой бар деп айта алмаспыз. Дегенмен жастық кезін еске аламыз деп үлкен қателікке ұрынып отыр. Өйткені, комсомол – Коммунистік партияның қолшоқпары болды. Оның ешқашанда өзіндік үні, өзіндік пікірі болған емес. Партия не айтса соны орындады. Кешегі колхоздастыру кезінде, ашаршылықта, саяси қуғын-сүргін болып жатқанда комсомол араша түскен жоқ. Сондықтан бұл жиын – комсомолдың табыттағы қаңқасын суырып алып, соның арқасында жүз грамм қағыстыру үшін ғана ұйымдастырылған сылтау деп ойлаймын, – дейді ол.

Журналистің сөзінше, жиынға қатысқан азаматтарды «ел ағалары» деп сипаттауға келмейді.

– Олар мемлекеттің биліктің басында болды. Бірақ ешқашан халықтың сөзін сөйлеген жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері компартияның әдіс-тәсілдерімен жұмыс істеп, өмір сүріп келе жатыр. Комсомол шын мәнінде адамгершілікті ту еткен ұйым болса, ең алдымен қазақ халқынан өздерінің істеген қателіктері үшін, партияның зұлымдығына тосқауыл қоя алмағаны үшін, қазақ жастарының келешегіне балта шапқаны үшін кешірім сұрауы керек. Кешегі тойлау – қазақ халқы мен Қазақстанның тарихындағы аса көлеңкелі, масқара кезең. Осы арқылы олар кешегі Кеңес Одағын аңсайтынын, қазақ халқына тізесі батқан сол заманды көксейтінін көрсетіп алды, – дейді Марат Тоқашбаев.

«Коммунистік кезең 50 жылдан соң қайта орнайтын шығар...»

Қазақстан коммунистік халық партиясы Астана қалалық орталық комитетінің бірінші хатшысы Марат Әубәкіров жоғарыда айтылған пікірлерді теріске шығарады.

Фото: knpk.kz

– Кешегі екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеттік қой. Сол жетістікке коммунистік уақытта қол жеткіздік. Комсомол болу, компартияның мүшесі болу – тарих қой. Неге оны тойламауымыз керек? Ал тарихтың орыны бөлек. Қазір халық қарсы шығып жатыр деп отырсыңдар, ал 50 жылдан кейін коммунистік кезең қайта орнап халықтың жағдайын жасап тастайтын шығар. Кім біледі?! Жалпы, басқалар қарсы шығып жатыр деген сөзбен келіспеймін. Ары кетсе бір-екі адам айтқан болар. Керісінше осы бастамаға үн қосып, менде барғым келеді, мынадай идеям бар деп келіп жатқандар баршылық.

Марат Әбдуәліұлының айтуынша, 100 жылдықты тойлау шарасы Астанада 29 қазан күні өткізілмек.

– Бұл шараның өтетінен үкімет, билік хабардар. Бәрі келісілген. Сол себепті, жоғары шенді басшылар, депутаттар келіп жатыр. Комсомолдың 100 жылдығы Астанада 29 қазан күні «Эпоха» мейрамханасында аталып өтпек. Себебі, аталған мейрамхананың безендірілуі, дизайны Кеңестік уақыттағы ғимараттарды еске түсіреді. Сондықтан таңдап алынды. Бұрынғы комсомол жұмысшыларына хабар берілді. Көптеген адам келеді деп күтілуде. Коммунистік партия 100 жылдыққа орай ордендер жасаған. Соларды азаматтарға табыстаймыз, – дейді коммунистік партия белсендісі.

 Комсомол деп жүріп «Рухани жаңғырамыз» ба?

Алматыдағы 100 жылдық мерекесіне белгілі дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман да шақырылған. Әнші мұндай мейрамның тойлануына түбегейлі қарсы.

Фото: Turkystan.kz

– Маған ұйымдастырушылар 12-і, әлде 13 қазан күні хабарласып, 100 жылдыққа арналған концертке қатысуымды сұрады. «Комсомолдың 100 жылдығы деген не сұмдық?» дедім. «Білмеймін, жоғарыдан сондай тапсырма беріліп жатыр ғой» дейді ол. Мен «бұл шараға Алматыға болсам да қатыспаймын» дедім. Саналы түрде бірден бас тарттым. Не үшін қазақ халқын қынадай қырған мерекенің мерейтойында ән салуым керек? Рас, бала кезімізде октябрять, пионер, комсомол болдық қой. Ол кезде кішкентай болған соң онша мән бермедік. Мұның бәрі – құлдық санаға бағыттау, адамның санасын улау екенін кейін түсіндік.

Бала кезімнен есімде қалған бір жағдай бар. Қазақтарға бір құлынды бие, үш сиыр, жиырма қой ұстауға ғана рұқсат етілген кездер де болды. Ат ұстауға тыйым салатын. Ауылдың шалдары соған бағынбай ат ұстап, баптады. Олар қазақты атқа мінгізгісі келген жоқ. Себебі, қазақ атқа мінсе қолына қамшы ұстап, рухы оянып кетеді. Олар содан қорықты, – деді әнші.

Ал саясаттанушы Расул Жұмаұлы қазақ қоғамында бір-біріне қайшы келетін, керағар құбылыстар жүріп жатыр деп айтты.

Фото: gonzo.kz

– Бұл өте бір өкінішті жағдай. Өзіміз «Рухани жаңғыру» деп, қазақ өзінің тарихын түгендеуі керек деп жүрміз, сөйте тұра тоталитарлық заманның сарқыншақтарының бірі комсомолдың 100 жылдығын атап өту еш қисынға келмейді. Мәселен, Германияны алайықшы. Ол жақтағы «Гитлерюгенд» деген ұйым 100 жылдығын Германияда атап өтетін болса қалай болар еді? Біздің комсомол деп дүрілдеуіміз Қазақстанның әлі де отарлық сана-сезімнен арылмағанын байқатады. Бұған дейін Георгий лентасын қанша айттық. Одан кейін жыл сайын «Бессмертный полк» көше-көшені аралап марш өткізеді. Енді келіп комсомол. Қазаққа қатысты мерекенің, мерейтойдың немесе Алашорда мерекесінің дәл осылай опера және балет театрында аталып өткенін есіме түсіре алмаймын, – дейді саясаттанушы.

Осы шара туралы жарияланғалы бері әлеуметтік желіде қарсылық білдіріп, пікір жазғандардың қатары артып келе жатыр. Олар біздің елге люстрация қабылдау керек екенін де айтуда. Люстрация дегеніміз – билік ауысқаннан кейін бұрынғы билікті жақтаушылардың құқықтарын заңмен шектеу. XX ғасырдың соңы XXI ғасырдың басында Шығыс және Орталық Еуропа елдері коммунистік режимнен айығу процесін бастап, бұрынғы билік функционерлерін шеттетті.

– Кез келген тәуелсіздік алған ел өзінің отарсыздану саясатын жүргізеді. Заңдық негізде. Кезінде Польша да, Чехия да осындай заңдар қабылдады. Кейбірі люстрация жөніндегі қатқыл талаптарды, заңдарды да енгізді. Бұл ретте Балтық жағалауы елдерін де айта аламыз. Кеңес заманында билікте отырған азаматтар үкімет, билік орындарына жақындатылмау керек деген заңдар да шықты. Кейбіреулері фашистік, коммунистік заманның сарқыншақтары, оның ішінде онамастика, ескерткіштер, солардың символикасына тыйым салу жайында шешімдер қабылдады. Бұл жағдай қазір қарқынды түрде Украинада жүріп жатыр. Бізге де осындай процестер керек, – дейді Расул Жұмаұлы.

Сарапшымыз, «біз айтуын айтамыз, бірақ жетіспей тұрған басты нәрсе – қоғамдық пікір» деген сыңайда ой айтқан. Осы оймен толықтай келісеміз. Қоғамдық пікір, қоғамдық талап ету дамыған кезде ғана біз елдегі келеңсіз жағдайларға тоқтау сала алмақпыз. Ал ішкі қуат, ұлттық мүдде әлжуаздық таныта беретін болса, комсомолдың 100, бәлкім 150 жылдығын да сырттан тамашалап, естіртпей сыбап отырғанымыз отырған.

“The Qazaq Times”