Жапония мен Солтүстік Корея барлау қызмет өкілдері Моңғолияда құпия кездесу өткізді.
Kyodo агенттігінің мәліметінше, қазан айының 6-ы мен 8-і күндері аралығында Ұлан-Батыр қаласында жапон үкіметіндегі барлау істеріне жауапты Сигэру Китамура мен Солтүстік Корея аумағында ақпарат жинаумен айналысатын Корей жұмысшылар партиясы бірлескен фронт барлау қызметінің басшысы Ким Сон Хэ кездескен. Кездесу барысында қос тарап 1970-1980 жылдары Солтүстік Корея арнайы қызмет өкілдері ұрлап алып кеткен Жапония азаматтарын елге қайтару мәселелерін және ресми Токио мен Пиоңяң басшыларының бірлескен саммитін өткізу жөнінде келіссөздер жүргізген.
Бұған дейін Жапония мен Солтүстік Корея барлау қызмет өкілдері Вьетнамда кездескен. Сарапшылар пікірінше, екі жақтың барлау қызмет өкілдерінің үшінші бір мемлекеттердің аумағында кездесуі Токио мен Пиоңяң арасында тікелей дипломатиялық қарым-қатынастың өте төмен дәрежеде екендігін көрсетеді.
Айта кететін бір жайт, бұдан сәл ертеректе Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унмен кездесіп, Пиоңяң арнайы қызмет өкілдері ұрлап алып кеткен жапон азаматтарының мәселесін талқылауға дайын екендігін мәлімдеген.