Еуроодаққа мүше елдердің СІМ басшылары химиялық қару шығарған және қолданған жеке немесе ресми тараптарға қарсы жасалған санкцияны қолдады. ЕО шешімінде: «Енді ЕО қай ұлттық өкілі немесе қай жерде болсын, химиялық қару шығарған немесе қолданған жеке және ресми тараптарға қарсы санкция сала алады», – делінген. Бұл туралы еуропалық ақпарат агенттіктері жарыса хабарлады.
Химиялық қару қолдануға қарсы санкцияны мақұлдаған саммит болса Химиялық қаруды таратпау ұйымның шұғыл сессиясынан кейін өткізілген болатын.
Химиялық қаруға қарсы жаңа санкция ұсынысын Ұлыбритания мен Франция алға қойған. Олар бұл ұсынысты Ресейдің бұрынғы барлау қызметкері Сергей Скрипалдың улануы және Сүриядағы химиялық қару қолдану ісінен кейін алға тартты.
Санкция талаптарында химиялық қару қолдануға қатысы бар кез-келген жеке және ұйымның ЕО шекарасына кіруіне шектеу қойылады, сондай-ақ, қаржыларын бұғаттайды. Мәлімдемеге сәйкес, бұндай шаралар химиялық қаруды шығарғандарға, қолданғандарға және оған қолдау көрсеткендерге, сондай-ақ, қаржылай көмек көрсеткендерге қолданылады.
Тағы бір айта кетері, бұдан кейін Химиялық қаруға қарсы ұйым химиялық қарудың қолданылғаны туралы дәлелдеумен қатар оны кімнің қолданғанын айтуға да құқылы болатын болды. Ашалап айтқанда, аталған ұйым химқару қолданған елді немесе жекелерді айыптай алады.
Бұл ұйымның құқықтары мен мүмкіндіктері туралы реформалар жасау ұсынысын Ұлыбритания тарабы ортаға салған болатын. Аталған ұйымның құқықтарының кеңейе түсуіне ЕО-ға мүше 82 ел қолдау көрсетіп, 24 ел қарсы дауыс берген. Қарсы дауыс бергендердің алдынғы кезегінде Ресей, Сүрия және Иран елдері тұрды.
Тамызда Скрипал ісіне байланысты АҚШ Ресейге жаңа санкция енгізген болатын. Бұл санкцияға химқару шығару және қолдануға мүмкіндік беретін заттар мен қызметтер де кірген еді. Сонымен бірге, егер Мәскеу тарабы химиялық қару туралы ұстанымдарын жаңартпаса, Уашингтон үш айдан кейін екінші раунд санкцияны іске қосатынын мәлімдеген.