Зымыран құласа жүрегіміз зырқ ете қалады. Әкімшілік бөлініс тұрғысынан Байқоңыр Ресей Федерациясына қарағанымен территориялық тұрғыдан Қазақстанның қақ ортасында жатыр. Сондықтан құламақ тұрмақ, әлдебір бөлшегі мен моторының бір жері күйіп кетсе де күлімсі иісі біздің ауаға тарайды. Ал құласа қандай зардап келетіні әмбеге аян. Бұл тақырып айтыла айтыла жауыр болған. Сондықтан қасиетті Жезқазған даласы «құласаң құла, құшағым ашық» деп көкке қарап далиып жатыр.
Осы айда тағы бір апатты бастан кештік. Байқоңыр ғарыш айлағынан тұмсығын көкке тіреп самғай жөнелген «Союз» ғарыш кемесі істен шыққан. Ол Халықаралық ғарыш станциясына бағыт алған және ғарышта 187 тәулік өткізуі тиіс болған екен. Абырой болғанда экипаж мүшелері, астроновтар америкалық Ник Хейг пен ресейлік Алексей Овчинин дін аман деп жатыр мамандар. Олар арнаулы капсуламен Жезқазған өлкесіне қонған.
Ал апатқа байланысты арнайы құрылатын үкімет аралық комиссия не тындыра алады? ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер «Тиісті сараптама жасалады. Оқиға тексеріледі. Ақпараттарды жария етеміз» деп жабасіркелетіп өте шығыпты.
Фейсбук әлеуметтік желісінде журналист Думан Кеңшілік апат туралы өз ойымен бөліскен.
«122 секундта, екінші сатылы қозғалтқыштан белгісіз себеппен ақау шығып, төтенше жағдай орын алды. Нәтижесінде кеме бақылаудан шығып кеткен. Кеменің авариялық жүйесі іске қосылғаннан кейін, ғарышкерлер арнайы құтқару капсуласымен Жезқазған маңына қонады. Ғарышкерлер дін аман. Ғарыш кемесі шамамен 530 секунд (8-9 минут) ішінде ғарыш аппаратына жалғануы тиіс еді. Ал мамандар, бұл 35 жыл ішіндегі «Союз» кемесімен орын алған алғашқы апаттардың бірі деп отыр. Дегенмен осынша уақыт ішінде көпшіліктің сеніміне кірген кеме апатына кімнің кінәлі екені анықталып жатыр. Болжам бойынша апатқа адами фактор әсер еткен деседі. Ал Игор Адольфович: «апаттың себебі мықты мамандардың жоқтығынан» дейді. Айтуынша, ресейлік ғарыш саласының мықтылары әлемдік ғарыш ұйымдарына қашып кеткен. Оның орнын жас кадрлар толықтырды. Алайда олардың ғарыш әлеміне мүлдем қызығушылығы жоқ екен.
Енді бір болжам бойынша ғарыш кемесінің салмағы ауыр болған. Екі ғарышкердің қасына отыруы тиіс үшінші адамның орнына тағам салынған контейнер тиелген. Бұл туралы ұшқыш-ғарышкер Владимир Титов айтты.
– Жүктемелер өте үлкен болды. Кеме жеңіл болғанда бұл жағдай орын алмас еді, – дейді ол.
Бірікке Араб Әмірлігінің ғарышкерлері дәл осы «Союз» кемесімен 2019 жылдың сәуір айында ғарышқа ұшуы керек болатын. Қызығы, бұдан кейін осы бір апталық сапар орын ала ма екен?» деп жазады ол.
Осы ретте «Космические исследования и технологии» журналының бас редакторы Нұрлан Әселқанға хабарласып, апат және ғарыш айлағына қатысты көкейдегі көп сауалды қойдық.
– Бұл апат бізден гөрі Ресейге, Ресейдің ғарыш өндірісіне ауыр зардабын тигізеді. Кеңес Одағы тарқаймын дегенше құрастырылған, жақсы жағдайда тұрған ғарыш кемесі құлап отыр. Зымыран 60 шақырым биіктіктен, Жезқазғаннан 25 шақырым жерге құлаған. Бұл – өте жақын қашықтық. Бізге осы апаттан келген шығынды есептеп, бағалау да керек. Бірақ одан бұрын зымыран ұшатын аумақтың қауіпсіздігі мен техникалық жағдайын жақсарту да маңызды. Апат болған жағдайда оның елдімекендер үстіне түспеуі үшін тиісті қадамдар жасалуы керек. Сондықтан біздің тарап өз азаматтарының қауіпсіздігі үшін барлық жағдайды есепке алып, қадағалап, бақылап, тиісті шаралар қабылдап, тиісті ескертулерді Ресейге қорықпай айта білгені жөн. Дәл бұлай аузымызды ашып отыра беретін болсақ бір күні зымырандар қаланың қақ ортасына да құлап түсуі мүмкін. Ресей ақша берсе болды, не қаласаңдар соны істеңдер деп отыруға болмайды. Қазақстан мұндай қасаң позициясын өзгерту керек, – дейді ол.
Одан соң Қазақстанның қазіргі ғарыштық потенциалы туралы да сөз қозғадық.
– Қазақстанның ғарыштық потенциалы соңғы жылдары салыстырмалы түрде артты. Біздің сөзімізге дәлел болатын – тұрақты режимде жұмыс істеп жатқан екі спутник: Kazsat-2 және Kazsat-3. Сондай-ақ азаматтық және әскери тұтынушылық мәселелері бойынша аспаннан жерді суретке түсірумен айналысатын тағы екі спутник бар. Бұл құрылғыларды сапалы еуропалық компаниялар жасаған. Мұндай спутниктердің аналогы ТМД аумағы бойынша, оның ішінде Ресейде де жоқ. Сонда бізде спутниктердің екі тобы бар деген сөз. Бірі – байланыс саласына арналған болса, екіншісі – жерді қашықтықтан зондтаумен айналысады. Жақында Астанада спутниктерді құрастыру кешені ашылайын деп жатыр. Аталған кешен жыл соңында іске қосылады деп үміттеніп отырмыз. Бізге тез арада орындау керек бір тапсырма бар. Ол – Байқоңырда өзіміздің старттық кешенімізді құру. Сөйтіп, өзіндік зымыран ұшыру процесімен айналысып, мемлекеттік мүддемізді жоғалтпау. Бірақ бұл оп-оңай іске аса салатын нәрсе емес. Себебі, сонау 2004 жылы құрылған «Бәйтерек» жобасы алға жылжымай, сол орнында әлі тұр. Бұдан да қауіпті, қоғам алаңдайтын тағы бір мәселе бар. Ол – Қазақстанның соңғы 15 жылда Байқоңырда ешқандай нақты қадамдар жасай алмағаны. Мемлекет Байқоңырды өзінің қорғаныс саласы, қауіпсіздігі, коммерциялық мүддесі үшін тиімді пайдалануы қажет. Қазақстандық зымыран тасығыштар Байқоңырда шетелдік құрылғылармен бірге қолданылуы тиіс.
Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасына келетін болсақ, «Союз-5» жаңа зымыран тасығышын ұшырады делінген «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені 2022 жылға дейін жасалып бітуі тиіс еді. Бірақ көпшілік оған да күмәнмен қарайды. Себебі, жыл өткен сайын Ресейдің ғарыш өндірісі деградацияға ұшырап бара жатыр. Сол себепті, Қазақстан Байқоңыр ісіне белсенді араласып, басқа бір үшінші серіктес мемлекетпен жұмыс істеу мүмкіндіктерін қарастыруы керек. Өйткені Ресейдің ғарыштық өндірісі қазір тым ауыр халде. Енді оған әрі қарай арқа сүйей берудің қажеті шамалы, – дейді сарапшы.
Нұрлан Әселқанның сөзінше, қазіргі таңда Байқоңырдың оң жақ бөлігіндегі «Зенит» зымырандары ұшып жүрген кешен Қазақстанға берілген. Егер сол кешенді қолға алсақ онда қалаға адамдардың келуі үшін Мәскеудің рұқсатын алу деген проблемадан да құтылуымыз мүмкін. Яғни, қазақстандық құзіреттің күші жүретін тәуелсіз ғырыштық кешеніміз болады деген сөз.
– Ресей қанша жерден ақша төлегенімен, Байқоңыр – Қазақстанның қаласы. Біз оған көңіл бөлуіміз керек. Балаларға жағдай жасасын, алаңқайлар салсын. Ол жерге сауда қатынастары, сауда үйлері, қонақ үйлер керек. Мемлекет бойынша қаржы бөлген кезде министрліктер де Байқоңырды тізімнен сызып тастайды. Біз оған жақсы көңіл бөлсек, туристерді де тарта аламыз. Негізі Қазақстан «Байқоңыр бізге керек пе, жоқ па» деген мәселеде әлі толыққанды шешім қабылдамаған сияқты... , – деді ол.
Маманның айтуынша, егер зымырандар керосин сұйық оттегісімен ұшса онда табиғатқа айтарлықтай қауіп төнбейді. Ең бастысы ғарыш кемелерінің гептилмен «қоректенуіне» жол бермеген жөн болмақ. Бұдан да басты, бұдан да маңызды дүние – әрине, Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағы бойынша нақты қадам жасауы. Сол ғана біздің мемлекеттік мүддеміз бен экологиямызды аман сақтай алмақ.