Қырғызстанның Қазақстаннан баратын тауық етіне шектеу қоюы заңсыз.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, Қырғызстан тарапының Қазақстаннан баратын тауық етіне шектеу қоюы заңға қайшы. Себебі Қырғызстанға тауық етін экспорттайтын Алматы облысында соңғы 10 жылда құс тұмауы дерті тіркелмеген. Ал Солтүстік Қазақстан облысынның Айыртау ауданында Ньюкасл дертіне қатысты енгізілген карантин 2018 жылдың 19 қыркүйегінде алынып тасталған.
Қазіргі таңда тиісті хаттама Қырғызстанның ветеринарлық және санитарлық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекциясына жіберілген.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Қырғызстанның ветеринарлық және санитарлық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекциясы Қазақстаннан импортталатын тауық етіне уақытша шектеу қойылғандығын мәлімдеген. Қырғызстан тарапының сөзінше, олардың бұндай қадамға баруына Қазақстан аумағында құс тұмауы індетінің жоғары болуы себеп болған.